411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауда жоғалып кеткен Әсел Панарғалиева әлі табылмады

  • 101
  • UPD: 10:12, 22.05.2020
Тауда жоғалып кеткен Әсел Панарғалиева әлі табылмады

Алматы тауларында жоғалып кеткен турист Әсел Панарғалиеваны қайта іздеу шаралары оң нәтиже бермеді.

Бұл туралы Tengrinews.kz төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап хабарлады.

Комитеттің мәлімдеуінше, Республикалық жедел құтқару жасағы 2019 жылғы 10 қараша мен 3 желтоқсан аралығында іздеу жұмыстарын жүргізді.

Оған Ми-171 тікұшағы жұмылдырылды. Шатқалдар, Жосалы Кезең асуы, Үлкен Алматы шыңы таулары мен беткейлері, Үлкен Алматы көлі шатқалындағы жол мен таулы аудандардың барлығы қамтылды.

«Дегенмен іздеу жұмыстары оң нәтиже бермеді. Туристің іздері мен жеке заттары да табылмады. Өткен жылдың желтоқсан айында ауа-райының нашарлауы мен жауын-шашынға байланысты іздеу жұмыстары тоқтатылды», - делінген ТЖК жауабында.

Іздеу жұмыстары 14 мамырда қайта жанданды. Алайда ол да сәтсіз аяқталды.

Полиция департаментінің айтуынша, Әсел Панарғалиеваны іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ.

«Іздестіру жұмыстары жалғасуда, іс те жүргізілуде. Өкінішке орай, бірнеше жыл бойы із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар да бар», - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, өткен жылдың 9 қарашасында Үлкен Алматы шыңына аттанған турист қыздың жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Хабар 24 телеарнасы