418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында шомылу маусымы басталмай жатып үш адам суға кетті

  • 201
  • UPD: 23:50, 25.05.2020

Ақмола облысында 754 су айдыны бар.

Соның тек төртеуінде кәсіби құтқару бекеті жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаз шыға тағы 60-тай өзен-көлге уақытша құтқару қосындары қойылады. Ал, қалғаны қараусыз. Демек, қауіпті. Биыл шомылу маусымы басталмай жатып 3 адам суға кеткен.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бұл – күні кеше ғана Ақкөл ауданында болған оқиға. Аудан орталығының іргесіндегі көлге достарымен бірге демалуға келген 28 жастағы жігіт мас күйінде шомылып, су айдынына батып кеткен. Облыстан келген құтқарушылар, оны бірнеше сағат бойы іздеп, су түбінен мәйітін тапты. Ал, ішімдікке масайрап алған жігіттер шомылуға рұқсат етілмеген орында суға түскен екен.

Жалпы өткен жылы өңірде 22 адам суға кетсе, осы оқиғалардың барлығы шомылуға болмайтын аумақтарда тіркелген. Сондықтан мамандар тек ресми рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсуге кеңес береді. Себебі, ондай орындарда сізге қол ұшын созатын адам табылады.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін осы жылы 35 өзен-көлде уақытша құтқару қосыны жасақталып, 77 волонтер, кісі құтқару негіздеріне оқытылған. Жақын арада тағы 30 шақты нысанда маусымдық бекеттер ашылмақ. Мәселен, Есіл ауданында жергілікті халықтың көбі Қызылсу өзеніне келіп шомылады. Ал, мұнда ыңғайлы жағажай да, құтқару бекеті де жоқ. Сол себепті сала мамандары, биыл бұл олқылықтың орнын толтыруды жөн санапты.

Ержан Қаппасов, Есіл аудандық тжб басшысы:

- Бүгін таңертеңнен бастап Қызылсу бойындағы өзенде жедел құтқару отрядынан кісілер келіп, сол тазалау жұмыстарын жүргізді. Астында сынық бөтелкелер, сымдар, бүкілін шығарды. Енді осы жерде сосын 4 адамды үйретті. Олар бүгіннен бастап жұмыс істей бастайды. Екі адамнан кезекшілік етеді. Екеуі осы Қызылсу бойында, екеуі Есілдің бойында, балалардың лагерінде.

«Дегенмен, 700-ге жуық су қоймасының бәрін бірдей қамту мүмкін» емес, - дейді мамандар. Сондықтан әркім өзі үшін аса сақ болғаны жөн. Себебі, оқыс оқиғалардың барлығы дерлік сақтанбаудың салдарынан болып жатады.

Алексей Советов, облыстық ТЖД басшысы:

- Бізде су әлі суық. Ал, дене мен судың температурасы сәйкес келмегендіктен, көп адамда жүрек талмасы пайда болады немесе сіңірлері тартылып, басқа да оқыс жағдайлар болуы мүмкін. Шомылатын судың температурасы негізі кемінде 18 градус болуы тиіс. Ал, ішімдік ұрттап алып, суға түсуге мүлдем болмайды.

Сондай-ақ қайық және басқа да жүзу құралдарын пайдаланғанда міндетті түрде қауіпсіздік кеудешесін кию қажет. Ал, ең бастысы, өзен-көлдің жағасына демалуға барғанда, балаларға өте мұқият болыңыз. Себебі, былтыр, ата-анасының салғырттығынан аймақта 7 бала суға кетті.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы