412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда мас күйінде көлік айдаған тұрғын ұсталды

  • 270
  • UPD: 12:06, 26.05.2020

Түркістанда 3 жыл бойы мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ енді заң алдында жауап береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Өскеменде терек ұлпасының тұтануынан екі бірдей көлік өртеніп кетті.

Түркістанда құны 70 млн теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ қолға түсті. Барымташылар Түркістан және Кентау қалаларының аумағында төрт түлікті қолды етіп келген. Үш жылдың ішінде 150-ден астам жылқы мен сиыр ұрлаған. Күдіктілер кентаулық тұрғынның полицияға арызынан кейін іздестіріле бастапты. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақ пен жайылымдарды аралап, мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексерген. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан мен Кентау қаласының 5 тұрғыны, оның ішінде ұрланған малдарды, сатып алушыны да ұстаған.

Қайрат Дәлбеков, облыстық ПД басшысы:

– Қылмыстық топтың бұл жерде ұйымдасқан белгісі бар. Олардың айдап кететіні бар. Қораға барып жабатын жері бар. Әрі қарай малды сойып сататынына дейін барлық рольдері белгіленген. Қазір олардың басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын тексерудеміз.

Өрттен жеті адам құтқарылды

Ақтөбе облысында өртенген үйдің адамдарын көршісі құтқарып қалды. Оқиға Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында болған. Таң алдында жақын орналасқан баспананың кіре берісі мен шатыры жанғанын байқаған ол дереу көмекке ұмтылған. Алдымен өрт сөндіру бөліміне хабарласып, өзі отқа оранған үйдің терезесінен ішке кірген. Ұйықтап жатқан жеті адамды оятып, сыртқа алып шықты. Қауіпсіз жерге оқшауланғандардың үшеу бала болса, бірі жүкті әйел. Дереу жеткен 2 арнайы техника мен алты өрт сөндіруші қызыл жалынды ауыздықтады. Бүтін бір отбасы мүшелерін аман алып қалған азамат бүгінде ауылдастарының мақтанышына айналды.

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Медет Қалмұхановтың батырлық әрекеті елеусіз қалмайды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тиісті комитетке оны ведомстволық наградамен марапаттау туралы ұсыныс хат жолдады.

Екі автокөлік өртенді

Өскемендегі аулалардың бірінде терек ұлпасы жанып, өрт гаражды шарпыған. Оның ішінде екі автокөлік болыпты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше «Митцубиси» және «Тойота» маркалы темір тұлпарлары жанып кеткен. Құтқарушылар жалпы ауданы 5 шаршы метр болатын жалынды жедел сөндіріп үлгерді. Зардап шеккендер жоқ. Жағдайды анықтау барысында тілсіз жаудың жақын маңдағы қоқыстардан терек ұлпасы мен жапырақтарының гараж бокстарына ұшып жиналғаны анықталды.

Мас жүргізуші жауапқа тартылады

Мас күйінде жүк көлігін тізгіндеген жүргізуші Ақтауда ұсталды. Бұл әрекеті үшін ер кісі айыппұл төлеумен қоса, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Сондай-ақ жеті жылға дейін жүргізуші куәлігінен де айырылуы ықтимал. Жүргізушінің полицейлердің тоқта деген талабын елеусіз қалдырып, құжаттар көрсетуден бас тартқаны белгілі болды. 

 

Хабар 24 телеарнасы