418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі зауытта болған қайғылы жағдайдың себебі анықталып жатыр

  • 206
  • UPD: 15:42, 29.05.2020

Кеше Ақтөбе зауыттарының бірінде де оқыс оқиға болған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт адамның қаза тапқанын айтқанбыз. Тағы 2 адамның ауыр халде жатқаны мәлім. Қазір мамандар зауытта нақты не болғанын анықтап жатыр. Ал кәсіпорын басшылығы марқұмдардың отбасына қаржылай көмек беруге келіскен.

Зауытта ауысым бригадирі боп еңбек ететін азаматтың жұбайы Жанна енді ғана есін жиып, жақындарымен аурухана маңына келген. Есеңгіретіп тастаған жаңалықты әлеуметтік желілерден естідім дейді. Жолдасы кеше таңғы 5-те жұмысқа аттанған. Соңғы рет сағат 10-ның шамасында телефонмен хабарласыпты.

Жанна Жәркешова, жарақат алған азаматтың жұбайы:

– Алғада тұрамыз ғой. Бес жарымда шығады күндегі уақыты. Хабарласқанымда жақсымын деді. Ол түсте болған ғой сонда. Ештеңе айтпайды бізге. Білмей отырдық. Сол жерде жұмыс істейтін келіншек бар еді. Сол жазды. Бірақ менің жолдасымды айтқан жоқ. Жан-жаққа хабарласып, осында түскенін біліп қалдық.

Аурухананың реанимация бөлімінде жатқан екі азаматтың да әзірге халі ауыр күйде. Сондықтан дәрегерлер қандай да бір болжам жасаудан бас тартып отыр. 

Сәкен Қапанов, жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

– Жағдайлары ауыр. Бірінің денесінің 60 процентін күйік шалған, екіншісінікі 30-35 процент. Екеуі де қазір реанимация бөлімінде. Барлық қажетті ем-дом шаралары жасалуда.

Зауыт өкілдері болса оқыс оқиғаны жазатайымнан болды деп есептейді. Себебі цехта жарылыс та, апат та болмапты. Әзірге белгілісі, жұмысшылар 50 текше метрлік үлкен бөшкені тазалау кезінде көз жұмған.

Александр Осыка, зауыт өкілі:

– Бисембин Орынбасар Қожабергенұлы кәсіби біліктілігі жоғары маман. Зауытта ондаған жыл бойы еңбек етіп келген. Қалғандары да тәжірибелі мамандар. Сондықтан оқиғаның қалай болғандығын біз де нақты айта алмаймыз. Себебі сол жерде еңбек еткендердің барлығы да, топ жетекшісі де қаза болды.

Облыстық әкімдік өкілдері қаза тапқан азаматтардың жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі деп мәлімдеді. Бір реттік әлеуметтік төлемнен бөлек 10 миллион теңге қаржы бөлінген. Денесі күйік шалған екі азаматтың да ем-домына қолдау көрсетіледі.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

– Біз зауыт басшылығына әрбір отбасын қолдаусыз қалдырмауды тапсырдық. Сақтандыру қорынан бөлінетін қаражатты айтпағанда, өндіріс орнынан берілетін қаражатты зардап шеккен отбасыларының жағдайын жеке-жеке зерттеп бөлу қажеттігін ескерттік.

Қазір құзырлы орган өкілдерінен жасақталған арнайы топ оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен. Тергеу амалдары тәмамдалғаннан кейін ғана қайғылы жайттың себебі белгілі болады. Айта кету керек, 60 жылдық тарихы бар өндіріс орнында мұндай жағдай бірінші рет болып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы