412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда жасөспірім суға кетті

  • 362
  • UPD: 10:46, 01.06.2020

Ақтауда суға түсу маусымы басталмай жатып, 16 жастағы жасөспірім Каспийге батып кетті. Оның денесі «Шора» су каналынан табылды. Бұл аумақ суға түсуге қауіпті жер болғандықтан мұнда шомылуға тыйым салынған болатын. Осыған қарамастан бұл жерге қайтыс болған бала әкесімен балық аулауға келген екен. Баласын құтқармақшы болған әкесін суда тұншығып жатқан жерінен өзге балықшылар шығарып алған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл аумаққа мүлде жақындауға болмайтынын ескертеді. Себебі жыл сайын тап осы жерден ондаған адамның мәйіті шығарылады.

Қарағандыда ірі фитнес орталық өртке оранды. Оқыс оқиға кешкілік сағат бес-алтылар шамасында болған. Бірден дабыл берілу құрылғысы іске қосылып, ғимараттағы адамдар түгел сыртқа шығарылды. Фитнес орталығының қауіпсіздік жөніндегі мамандары жаттығып жүрген қала тұрғындарының бір бөлігін негізгі есіктен, қалғанын қосымша есіктерден шығарып үлгерді. Жедел әрекет етудің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Спорт кешенінде тұтанған өрттің салдарынан 400 шаршы метр аумақ түгел жанып кетті. Қызыл жалынмен 3 сағат бойы арпалысқан құтқарушылар оны кешкі сағат 7-лерде сөндірді.

Қуаныш Мұқашев, қалалық өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- 101 пультіне 15 сағат 54 минутта фитнес ғимаратында өрт шықты деген хабарлама түсті. Өртті ТЖД өрт сөндіру және құтқарушыларынң 55 жеке құрамы және 12 құралы өрт сөндіруге қатысты. Өрттің аумағы 400 шаршы мтерді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Өрт 19 сағат 12 минутта толық тоқтатылды, сөндірілді.

Шығыс Қазақстан облысында орман өртенді. Қызыл жалын Бородулиха ауданындағы орман шаруашылығына ауыз салған. Отқа оранған аумақты бақылауға Әуе-орман құтқарудың МИ-2 тікұшағы жіберілді. Өртті сөндіруге 130 адам жұмылдырылды. Қазіргі таңда 3 гектарға жайылған дала өрті ауыздықталды. Енді оның шығу себебі анықталып жатыр.

Қарағанды облысында екі адам суға батып кетті. Алғашқы жағдай Жезқазғандағы Кенгір су қоймасында тіркелді. 2003 жылы туған бозбала суға түсуге тыйым салынған аумақта шомылған. Суға батқан баланың денесі жағалаудан 12 метр жердегі 4,5 метр тереңдіктен табылды. Ал екінші қайғылы оқиға Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылында болған. Суда құтқарушылар ауылдан 3 метр жерде жатқан Нұра өзенінен 1996 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан шығарды. Бұл су қоймасы да суға түсуге арналмаған.

Хабар 24 телеарнасы