Ақмола облысының Жақсы ауданы аумағында мазут толы жүк көлігі аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аумақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жол апаты бүгін сағат 14:57 кезінде Алматы-Екатеринбор тас жолының 924-шақырымында, Жақсы кентінен 12 шақырым жерде болған. Сыйымдылығы 40 текше метрлік HOVO көлігі техникалық ақауларға байланысты жолдың шетіндегі жыраға құлаған. Салдарынан көліктен мазут ағып, өрт шыққан.
Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыды. «Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 13 қызметкер және 3 арнайы техника, «Жақсы су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының өрт сөндіру құрылымы жұмылдырылды. Сағат 16:36 тілсіз жау ауыздықталып, 16:50 өшірілді. Зардап шеккендер жоқ», – деді ведомстводан.