410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда мектеп түлектері көлік тізгіндеп, жол апатына ұшырады

  • 176
  • UPD: 21:35, 03.06.2020

Қарағандыда мектеп түлектері жол апатына ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар соңғы қоңыраудан кейін көлікпен көшеге шығып, облыстық әкімдіктің жанындағы тас бағанаға соғылған. Ал, Петропавлда салтанатты шараға ата-аналардың қатысуына рұқсат берілді. Ақтөбеде де салтанатты шара өткенімен, түлектердің қыдырып, той тойлауына тыйым салынды.

Қарағандыда 17 жастағы бозбала тас бағанасына соғылып, көзге түсті. Зардап шеккендер жоқ. Бірақ оның көлігінде бірнеше түлек болған. Полицейлердің айтуынша, жүргізушінің куәлігі жоқ. Енді ол келтірілген шығынды өтеп, айыппұл төлеуі тиіс.

Ерлан Ақылбеков, қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- Кәмелетке толмаған бала. Ол ешқандай жарақат алған жоқ. Көлік өз атында. Жол оқиғасы бойынша 60 АЕК айыппұл төлейді. Одан бөлек, анау ТКШ-қа келтірген шығын есептеліп, оны да өз атынан төлейді.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 3 мыңнан астам түлек алтын ұя мектеппен қоштасты. Оқу ордаларындағы соңғы қоңырау далада өтті. Салтанатты шараға ата-аналар да қатысты. Бірақ олар санитарлық талаптарды қатаң орындап, арақашықтықты сақтады. Әр мектептің алдында мейірбикелер кезекшілік етіп, адамдардың дене қызуын тексерді. Биыл облыста 150 оқушы «Алтын белгіге» ие болды.

Ұлбике Ыңғарова, мектеп түлегі:

- Қолымызға аттестатымызды алып, осы алтын ұямызбен қоштасқалы тұрмыз. Ол бір жағынан қуанышты болса да, бір жағынан өкініштісі бар. Себебі біз 11 жыл бойы оқыған мектебімізді қимаймыз. Бірақ алда бізді үлкен жаңа өмір күтіп тұр.

Ақтөбеде де соңғы қоңырау сыңғырлады. Биыл облыс бойынша 6 мыңнан астам бала мектеп бітірді. Салтанатты шаралар санитарлық талаптармен өтті. Түлектерге қыдырып, той тойлауға тыйым салынды. Енді оларды Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы күтіп тұр.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Ұлттық бірыңғай тест 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Балалардың отыру арақашықтығы екі метрден, кіру арақашықтығы сақталады. Сол сияқты кіру бағытындағы санитарлық талаптың сақталуы, дезинфекциялық тоннельдің болуы, басқа да талаптардың сақталуын қамтып, балаларымыздың ҰБТ-сын өткіземіз деп ойлап отырмыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 4-ші тоқсанның оқу бағдарламасынан сұрақ қойылмайды. Сынақ маусымның 20-ы мен шілденің 5-і аралығында өтеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы