423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысында жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

  • 751
  • UPD: 10:42, 23.06.2020
Түркістан облысында жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысында бір жарым жыл бойы жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сондай-ақ, заңсыз балық аулағандар да қолға түсті. Ал Қостанайда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар жазадан құтылмақ емес. Атырау да суға кету қаупі азаймай тұр.

300-ден астам жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталды  

Түркістан облысында бір жарым жыл бойы мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды. Ондаған тұрғыннан келіп түскен арыз-шағым нәтижесінде Полиция департаментінің Криминалдық полиция қызметкерлері Қазығұрт ауданының екі тұрғынын ұстады. Біреуінің бұрын сотталғаны белгілі болып отыр. Тергеу барысында қылмыстық топтың 14 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Күдіктілер жылқыны ұрлағаннан кейін, ізі суығанша қораларында жасырып, кейін сатып отырған. Тергеу барысында малды сатып алғандар да тәртіп сақшыларының қолына түсті. Жалпы, жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық жылқы ұрланыпты. Бүгінде полиция қызметкерлерінің көмегімен соның 70-тен астамы заңды иелеріне қайтарылды. Келтірілген шығын көлемі 150 млн теңгеден асып отыр.

Құрманбек Сахов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда 2 күдікті тұлға қамауға алынды. 1 күдікті тұлға кепілге жіберілді. 2 тұлға қолхатта. Тергеу басқармасымен тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар тінту барысында күдіктілердің үйінен заңсыз қару алынды және 8 түп «Қарасора» есірткі заты тәркіленді.

Заңсыз балық аулағандар жаза тартылады

Арыс ауданына қарасты Көксарай су қоймасынан заңсыз балық аулау фактісі анықталып, Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері браконьерлер тобын ұстады. Айыптылар Ордабасы және Жетісай аудандарының, сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Күдіктілерден алты қайық, үш балық аулау құралы және сегіз центнерден астам заңсыз ауланған сазан мен карась балығы тәркіленді. Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысының тәртіп сақшылары браконьерлерден 2,5 тоннадан астам балық тәркілеген. Сондай-ақ, 25 қайық, ау құралдары және басқа да айғақты заттар алынған. 12 іс сотқа жіберілді.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар анықталды

Қостанайда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар анықталды.Тергеу нәтижесі бойынша, 3 қылмыскер өткен жылы 6 ай бойына құмар ойындарын өткізіп келген. Бұл іспен айналысу үшін тіпті, керекті жабдықтың бәрі сатып алынған. Ғимарат та жалданыпты. Құмар ойындарын ұйымдастырған айыпталушыларға қатысты үкім шығарылды. Әрқайсы мемлекетке 5 млн теңгеден астам айыппұл төлемек.

Балықшы құтқарылды

Солтүстікқазақстандық құтқарушылар 72 жастағы балықшыны ажалдан арашалап қалды. Есіл өзеніне қармақ салуға барған 1948 жылы туған Явленка селосының тұрғыны абайсызда биік жардан құлап кеткен. Салдарынан аяғы сазбалшыққа батқан қария өздігінен судан шыға алмай қалған. Абырой болғанда оның жанайқайын осы маңда өтіп бара жатқан адамдар естіп, бірден 112 телефонына қоңырау шалған. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары іздестіру жұмыстарына кірісіп, оны кешкісін  сыртқа алып шығарып, бірден аудандық ауруханаға жеткізеді. Қазір оның денсаулығы  тұрақты. Қажетті ем-домды қабылдап жатыр. Айта кету керек,жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 4 адам суға батып кеткен.

Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- 72 жастағы қария таңғы 10-нан кешкі 22-00-ге дейін кеудеден асатын тереңдіктегі суда тұрып қалған. Қолында телефоны да болмаған. Өзі екінші топтағы мүгедек. Әбден тонған. Құтқарушылар келген кезде қалтырап сөйлей де алмады. Сондықтан балықшыларды қауіпсіздік ережелерін сақтануға шақырамыз. 

Суға кету қаупі азаймай тұр

Атырауда 2 адам суға кетті. Бірінші оқыс оқиға 20 маусым күні Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылдық округінде орын алған. 1989 жылы туған азамат Жайық өзеніне жабдықталмаған жерде суға шомылған. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жедел құтқару жасағының көмегімен 21 маусым күні түскі уақытта марқұмның денесі судан шығарылды. Ал екінші оқиға Атырау қаласынан 13 шақырым жердегі Талғайран ауылының тұсында болған. 2000 жылы туған жас жігіт те рұқсат етілмеген жерде Жайық өзеніне шомылып, суға кеткен. Жедел-құтқару жасағының 7 қызметкері мен 1 техникасы, сондай-ақ, 2 жүзу құралы жұмылдырылып, марқұмның денесі судан шығарылды. Қазір Облыстық Төтенше Жағдайлар департаментінің мамандары жабдықталмаған жерде суға түспеуді ескертіп, дабыл қағуда.

Асхат Ержанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Жыл басынан бері облыс бойынша 9 адам суға кетті. Барлық оқыс оқиға жабдықталмаған, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсудің кесірінен орын алып отыр. Қазір тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өз өмірлеріңізге қауіп төндірмеулеріңізді сұраймыз!

Суға кетіп бақилық болды

Алматы облысында да бір адам суға кетті. 21 маусым күні сағат кешкі 6-лар шамасында Алакөл демалыс аймағының бірінде жұмыс істейтін 3 жас жігіт қауіпсіздік құралдарынсыз, Алакөл көлі мен Ақши ауылының сол жағалауы арасында орналасқан су айдынын жүзіп өтпек болады. Алайда, қайғылы оқиға орын алыпты. 2002 жылы туған азамат жағаға жете алмай, суға кеткен. Облыстық ТЖД-нің Алакөл аймағындағы құтқарушы-сүңгуірлері марқұмның денесін сол күні кеште судан алып шықты. Мамандар судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.

Хабар 24 телеарнасы