418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да сегіз жасар бала суға кетті

  • 182
  • UPD: 12:05, 10.07.2020

Солтүстік Қазақстан облысында сегіз жасар жеткіншек суға кетіп, көз жұмды. Ұл баланың Майбалық көлінде достарымен бірге шомылғаны белгілі. Көл жағасында суға түсуге рұқсат етілмесе де бұл балаларды тоқтата қоймады. Баланың денесі бірнеше сағаттан соң табылды.

Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері бес адам суға батып кетті. Ал соңғы жеті жыл ішінде 180 адам өзен-көлдерге батып кеткен. Олардың 24-і бала.

Игорь Жуков, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Биылғы шомылу маусымында суға батып кете жаздаған 11 адамды құтқардық. Ал өткен жылы төрт ересек аман қалды. Өкінішке орай, өзен-көлдердегі қайғылы жағдайлар көбейіп барады. Тынығушы қауым көбінесе қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.

Шымкент қаласындағы шағын аудандарының бірінде екі қабатты қора отқа оранды. Салдарынан нысанның екінші қабатында сақталған үш тонна сабан мен 8 тонна қи жанып кетті. 80 шаршы метр болатын қораның шатыры да өртенді. Қазірті таңда мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Зардап шеккендер жоқ. 

Қарағандылық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары пәтерде қамалып қалған екі жасар баланы құтқарды. Үйдің сыртқы есігінің автоматты түрде жабылып қалғаны белгілі болды. Құтқарушылар арнайы гидравликалық құралдың көмегімен пәтер есігін ашып, ата-анасына тапсырды. Сәби дін аман, жағдайы қанағаттанарлық. Сала мамандары тұрғындарға кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмауға кеңес береді.

Қостанай облысында медициналық масканы лицензиясыз саудалау деректері анықталды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектті нарықтағы бағадан 30 процентке қымбат сату фактісі тіркелді. Полиция қызметкерлері 29 жастағы азаматты ұстады. Қостанайлық Ресейден медициналық препараттарды сатып алып, қайта саудалаған. Тексеріс барысында оның көлігінен дәрі-дәрмектің 18 түрі табылды. Препараттардың 200-ден астам қаптамасы тәркіленді. Бұл  дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 214-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Маңғыстау облысында бетон араластырғыш машина мен жеңіл көлік соқтығысып қалды. Салдарынан автомобильде от тұтанып, толық өртеніп кетті. Құтқарушылардың хабарлауынша, көлік ішінде болған екі ересек пен екі бала зардап шекті. Олардың барлығы бір отбасы мүшелері екені анықталды. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүргізілңп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы