418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР қорғаныс министрінің орынбасары өмірден өтті

  • 196
  • UPD: 13:29, 14.07.2020
ҚР қорғаныс министрінің орынбасары өмірден өтті Stan.kz

Бүгін, 14 шілде күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақыт Жанұзақұлы Құрманбаев дүниеден озды.

Бұл ақпаратты Қорғаныс министрлігі растады.

Бақыт Құрманбаев 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады. 2005 жылы Ресей Федерациясы Құрлық әскерлері әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясында білім алып, ал 2008 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын бітірді.

Бақыт Жанұзақұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде атқарған қызметінде жоғары кәсібилігімен және ауқымды тәжірибесімен ерекшеленді. Әскери салада қондырғыларды қосу взводының, зениттік-зымыран батареясының командирінен бастап әр жылдары Қорғаныс министрлігінде басшылық лауазымдарды, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.

2017 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен оған «генерал-майор» әскери атағы берілген еді.

2019 жылғы сәуір айында генерал-майор Құрманбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қорғаныс өнеркәсіп кешенімен өзара іс-қимыл жасау, қару-жарақ және әскери техника, сондай-ақ тылдық және медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік етті.

Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жоюда айтарлықтай үлес қосып, пандемиямен күрес кезеңінің алғашқы күндерінен бастап инфекцияның таралуына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге белсенді атсалысты.

Қызмет атқарған кезеңдерде II дәрежелі «Айбын» және II дәрежелі «Данқ» ордендерімен марапатталған.

Бақыт Жанұзақұлының артында жан жары мен екі баласы қалды.

Хабар 24 телеарнасы