429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да орман алқабы өртенді

  • 361
  • UPD: 18:38, 14.07.2020
БҚО-да орман алқабы өртенді

Батыс Қазақстан облысында орман алқабы отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 13 шілде күні Ақжайық ауданында болды. Сағат 17.10-да Чапаев орман шаруашылығы мекемесі аумағында 7 гектар құрғақ шөп пен 20 гектар орман (тал, терек) өртенді. Сондай-ақ Көнеккеткен ауылдық округіне қарасты Есенсай орман шаруашылығында да орман жалынға шарпылды (аумағы анықталу үстінде). Сондай-ақ сағат 23.50-де Коловертное ауылынан 10 км жерде Бударин орман шаруашылығында 5 гектар (тал, терек) орман жанды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға БҚО ТЖ департаменті, орман шаруашылығы мекемесі, ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмылдырылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.

Департамент бастығы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, бұған дейін жыл басынан бері өңірде 3 орман, 8 дала өрті орын алды. Сондай-ақ жалпы алаңы 4654 гектардан астам 180 табиғи жану тіркелді. Дала өрттері (жалпы аумағы 9363 га) Сырым (3), Қаратөбе (2), Жаңақала (1), Қазталов (1) және Шыңғырлау (1) ауданында болды. Сондай-ақ 14 шілде күні сағат 02.49-да Орал қаласы Зачаган кенті Талдысай көшесі, 4-мекенжайында жеке тұрғын үй өртенді. Аумағы 40 шаршы метрді қамтыған өртті сөндіруге 10 адам, 3 техника қатысты. БҚО ТЖ департаментінің бас маманы Нұралы Мусиевтің сөзіне қарағанда, облыста барлығы 200-ден астам өрт болса, соның басым көпшілігі тұрғын үй секторы үлесіне тиеді.

 

Хабар 24 телеарнасы