418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда WhatsApp арқылы тараған ролик полицияның назарына ілікті

  • 180
  • UPD: 11:55, 15.07.2020

Ақтөбе облысында орман және дала өрті өршіп тұр. Соңғы үш тәулік ішінде Әйтекеби, Мәртөк, Шалқар және Мұғалжар аудандарында тіркелді. Дәл қазір тілсіз жаумен күрес Шалқар және Мұғалжар аудандарында жүргізіліп жатыр. Мың гектардан астам даланы өрт шарпыған. Жалынды төтенше жағдайлар департаментінің жергілікті бөлімшелері мамандары мен еріктілерден құралған топ сөндіріп жатыр. Барлығы 5 ауыр техника мен 20 азамат жұмылдырылды. Сондай ақ 20 гектар орман алқабы да отқа оранған болатын. Жасыл желекті алқаптағы өрт өшірілді.

Марғұлан Аманбаев, облыстық ТЖД басшысы:

- Өрттің негізгі шығу себептері күннің ысуына байланысты және де адамдардың темекі тұқылын тастауы, ауыл шаруашылылықтағы техникаларының искра дейді ғой, соның шашуына байланысты, от жағу тағы да басқа себептермен  осындай өрттер орын алып отыр. 

Шығыс Қазақстанда Өскемен-Рахман қайнары  бағытымен кетіп бара жатқан көлік жолдың 88-шақырымында апатқа ұшырады. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша,рульде әйел адам болған.Ол Жаңа Бұқтырма демалыс базасына бұрылар тұста көлікке ие бола алмай, жол бойындағы шұңқырға аударылған. Түрлі дене жарақаттарын алған көлік жүргізушісі мен оның қасындағы бір жолаушы Алтай аудандық ауруханасына түсті. Ал тағы бір жолаушы медициналық мамандардың тексеруінен соң үйіне жіберілді.Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Солтүстік қазақстандық құтқарушылар дабыл қағып отыр. Себебі жыл басынан бері сегіз адам суға кеткен. Бұл сәйкесінші мерзіммен салыстырғанда екі есеге көп. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары: «Аптап ыстықтан сая іздегендер амалсыз өзен-көлдердің жағалауын жан сауғалауға мәжбүр» дейді. Өйткені өңірде аптап ыстық. Сондай-ақ ішімдік ішіп, суда шомылатындардың саны азамай тұр. Рұқсат етілмеген жерде суға түсушілердің де қарасы артқан. 

Игорь Жуков, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Өңірде шілде айының басынан ыстық ауа райы сақталып тұр. Сәйкесінше  азаматтар рұқсат етілмеген жағажайларды паналап жүр. Олар сақтық шараларына көңіл бөле бермейді. Салдарынан қайғылы оқиғалар саны артып отыр. 8 жағдайдың жарытысы өткен аптада тіркелді. 

Павлодарда WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап кеткен  жас жігіттердің төбелесі тәртіп сақшыларының назарына алынып, оған қатысқандардың барлығы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Белгілі болғандай 18-19 жастағы екі  азаматтың арасындағы жанжал соңы төбелеске ұласқан. Зардап шеккен жігіт жеңіл дене жарақаттарын алды. Алайда ол дәрігер көмегіне жүгінбепті. Сонымен қатар жолдастарын ажыратып немесе полиция қызметкерлерін шақырудың орнына төбелес сәтін бейнежазбаға түсіріп тұрған жастар да жазасыз қалмайды. Тәртіп сақшылары  тұрғындарды зорлық-зомбылық пен күш көрсетуді насихаттайтын бұндай бейнежазбаларды таратпауға шақырады. 

Көкшетауда полиция қызметкерлері жоғалып кеткен екі жастағы қызды тауып, анасымен қауыштырды. Бүлдіршінді іздеуге тәртіп сақшылары 15 минут уақыттарын ғана жұмсапты. Полиция департаментінің айтуынша,алдымен екі жасар қыз жоғалып кетті деген анадан  арыз түскен.

Айтуынша, ол есік алдында ойнап жүрген, ал үй шаруасымен жүрген анасы оны тек бір сағаттан соң ғана іздеп,ауладан таба алмай қалған. Өз бетімен қызын таппаған әйел полиция қызметкерлеріннен көмек сұрады. Тәртіп сақшылары 4 іздеу тобын құрып, баланы іздеуге кірісті. 15 минут өткенде полиция экипажы бүлдіршінді ауылдағы көшелердің бірінен тауып алған. Ол ойнап жүріп ауладан шығып адасып, өз бетінше жүре бергенге ұқсайды.

Хабар 24 телеарнасы