425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда электровоздың үстінде селфи жасамақ болған жасөспірім тоққа түсті

  • 439
  • UPD: 21:58, 18.07.2020

Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншек ұялы телефонына экстремалды селфи жасамақ болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір денесінің 70 процентін күйік шалып, аурухунада жатыр. Жағдайы ауыр.

Юрий Питимко – 23 жылдық еңбек тәжірибесі бар теміржолшы. Маманның айтуынша, темір жолдардың бойы қатаң бақылауда. Дегенмен аулада доп тебуден гөрі электровоздардың үстіне шығуды жөн көретін балалар баршылық.

Юрий Питимко, «Павлодар» станциясы бастығының м.а, бас инженер:

– Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар тіркеліп отырады. Балалардың қозғалмалы құрамның үстіне шығып, тоққа түскен кездер болды. Жеткіншектер аман. Бұл бірден. Екіншіден, қозғалыстағы пойыздың өзі аса қауіпті. Оны тоқтату үшін бір шақырымдық жол кетіп қалуы мүмкін. Машинист жолдағы адамды байқап қалғанның өзінде пойызды тез тоқтату қиын.

Мамандардың мәліметінше, бір жылда кем дегенде бір қайғылы оқиға тіркеледі. Балалар вагондар мен локомативтердің үстіне шығып, кернеулігі жоғары байланыс желісіне түсіп қалуы мүмкін. Облыс мектептерінде «Қауіпсіздік сабақтары» қанша өткізілсе де, нәтижесі шамалы. Бүгінгі таңда облыс аумағында теміржолдардың бойында қауіпті учаскелер бар.

Юрий Питимко, «Павлодар» станциясы бастығының м.а, бас инженер:

– Тура екі жыл бұрын жасөспірім құлаққап киіп алып, теміржолды кесіп өтпекші болған. Бұған тыйым салынғаны белгілі. Машинисттің дабылын естімей, денесі пойызға тиіп кеткен. Нәтижесінде жарақат алды. Пойыздың жыдамдығы сағатына 100-120 шақырымға жетуі мүмкін. Оны тежеу қиын. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Сала мамандарының айтуынша, бұл жер – аса қауіпті учаскелердің бірі. Себебі елді мекен тұрғындары арнайы салынған көпір арқылы емес, бұл жерді тура кесіп өткенді қалайды. Осылайша, өздерінің өмірлеріне қауіп төндіреді. Айта кетейік, темір жолдардың үстімен жүретін байланыс желісінің кернеулігі 27 мың вольттан асады.

Дәл осындай байланыс желісіне 16 жасар бала тоққа түсіп қалды. Қазіргі уақытта жеткіншек дәрігерлердің бақылауында. Денесінің 70 процентін күйік шалған. Оған күрделі ем-дом шаралары тағайындалды. Алдағы уақытта пластикалық операциялар жасалады деген болжам бар.

Ирина Орсагош, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Жасөспірім есін жиды. Дәрігерлермен сөйлеседі. Бірақ жағдайы ауыр. Бастапқыда селфи жасап, элктропойыздың үстіне мінгенін айтты. Кейін ұмытып қалғанын жеткізді. Ең бастысы, бала аман. Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасауғы тырысамыз.

Облыс орталығындағы демалыс саябағында осындай тоғыз аттракцион бар. Темір әткеншектердің жұмыстары карантинге байланысты тоқтап тұр. Тоқтан ажыратылған. Десе де, балалар бұдан да қорықпайды. Карусельдерді іске қосып, тебуді әдетке айналдырған.

Тоқтап тұрған әткеншектер, осылайша еріккеннің ермегіне айналды. Аттракциондардың аумағы қоршалып, осындай белгілер қойылса да, балалар ешбірін елемейді. Сондықтан мамандардың ескерту жасағаннан басқа амалы жоқ.

Ирина Теплова, қалалық демалыс және мәдениет саябағы әкімшілігінің өкілі:

– Жуырда оқыс оқиға болды. Жасөспірімдер саябақтағы «Шолу дөңгелегінің» басқару қалқанын бұзып, аттракционды қоспақшы болды. Ата-аналардан балаларының қауіпсіздігіне назар аударуды өтінеміз. Себебі жеткіншектер аттракционға мініп, селфи жасағылары келеді. Қатарластарына айтып, мақтанғысы келеді. Бұл әрекеттің қауіпті екенін түсінбейді.

Психологтардың айтуынша, балалардың бұл әрекетіне ата-аналар ғана тосқауыл қоя алады. Мектептердегі тәрбие жұмысын да күшейту қажет.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы