423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында демалыс күндері үш адам суға кетіп көз жұмды

  • 245
  • UPD: 09:58, 24.07.2020

Ертіс өңірінде демалыс күндері үш адам суға кетіп ажал құшты, хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағажайлар жабылғанына қарамастан, өзен-көлдердегі демалушылардың қарасы көп. Тұрғындарға ескертулер де, айыппұлдар мен санитарлық дәрігердің қаулысы да кедергі емес.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл – демалыс күндері түсірілген бейнежазба. Ер азамат судың құрбаны атанып, ажал құшты. Соңғы бірнеше күнде өңірде үш азамат суға батып кетті. Қайғылы жағдайлардың барлығы рұқсат етілмеген жерлерде тіркелген. Құтқарушылар дабыл қағуда. Жұмыс кестелері күшейтілген режимге көшірілгеніне қарамастан, ескертуден басқа шара жоқ.

Серік Шериязданов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:

- Павлодар қаласын алатын болсақ, ол Усолка су айдынының сол жақ жағалауы, одан кейін Гребной канал, Затон, Зеленая роща маңайы, ескі көпірдің қасы, оң жағы, сол жағы, одан кейін жылы ағын дейді, сол жер қауіпті. Ақсу қаласында ескі мұнай базасының маңайы. Екібастұз қаласында қауіпті жерлер көп. Рейдтер, түсініктеме жүргізіліп жатыр. Бірақ тыңдаған кісі жоқ. Көбі тыңдамайды. Міне, кеше қайғылы оқиға тіркелді.

Жас азамат рұқсат етілмеген жерде шомылып көз жұмды. Қазіргі уақытта сүңгуірлер тобы адам денесін іздестіру үстінде. Бұл жер де қауіпті әрі шомылуға болмайтын аумақ.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Қазіргі уақытта Ертіс өңірінде ресми түрде ашылған 33 жағажай бар. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бұл жерлерде шомылуға рұқсат етілмеген. Бұл – облыс орталығындағы ең ірі жағажайлардың бірі. Бір қарағанда тұрғындар ережені сақтап, шомылуды қойған сияқты. Дегенмен, олардың көбі бейреми жағалауларда демалуда.

Өзен жағалағандардың көбі осылай ақталады. Десе де, құтқарушылар олардың сөзіне сенбек емес. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта карантин шеңберінде түсіндіру жұмыстары қашықтан жүргізіледі. Бірақ нәтижесі шамалы. Аптап ыстықта павлодарлықтарды тоқтату қиын. Ата-аналарының қарауынсыз жүрген балалар да көп.

Облыста маусым айынан бері бес адам суға кетті. Рейдті шаралар бұрынғыдан көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін су жағасында ішімдікке бой ұрған 200-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рұқсат етілмеген жерде шомылған 173 тұрғынға да айыппұл салынды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы