426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда төлем терминалдарын тонағандар қолға түсті

  • 204
  • UPD: 12:23, 04.08.2020

Теміртауда 1 жасар бала 7-қабаттың терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теміртауда кішкентай бала 7-қабаттан құлап кетті. Қайғылы жағдай таңғы 7-де болған. Полицейлердің айтуынша, бір жасар бала қараусыз қалған. Қазір ол түрлі дене жарақаттарымен жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр. Ал тәртіп сақшылары сол уақытта ата – анасының қайда болғанын анықтап жатыр.

Дала өрті өршіп тұр

Ақтөбе облысында дала өрті өршіп тұр. Құрайлы ауылы маңындағы орман алқаптары отқа оранды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, тілсіз жау 25 гектар жерді шарпыған. Зардап шеккендер жоқ. Өрт түнгі екіде сөндірілді. Оған 50 маман мен 10 шақты техника жұмылдырылды. 

4 адам суға батып кетті

Осы Ақтөбе облысының жағажайларында қауіпсіздік шаралары күшейтілсе де, ескертуді елемей тыйым салынған жерде шомылушылар қатары азаймай отыр. Соның салдарынан бірі суға батып жатса, енді біріне айыппұл салынып жатыр. Тек соңғы үш тәулікте өзен-көлге түскен төрт адам қаза тапты. Оның біреуі жасөспірім. Ол су жағасына ата-анасымен бірге барған. Қалған үш дерек бойынша құтқарушылар суға кеткендердің мас күйінде болғанын анықтады. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі, полиция мен экология департаментінің мамандары рейд шараларын күшейтіп отыр.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Мұғалжар ауданында қайтыс болған жігіт 1980 жылғы. Ол мас күйінде суға түскен. Ақтөбе қаласында бір адам және Алға ауданында бір адам. Үш адамның үйшеуі де мас күйінде суға түскен және де тыйым салынған жерлерде суға түсуіне байланысты қайтыс болып отыр. 3,5 - 4 метрлік тереңдіктен олардың өлі денесін біздің құтқарушылар алып шықты.

Киіктің мүйізін сатқан ер адам ұсталды

Алматы облысында киіктің мүйізін сатып пайда таппақ болған ер адам ұсталды. Текелі қаласының 46 жастағы тұрғыны Талдықорғанда ақша алып жатқан жерінде қолға түсті. Полицейлер оның көлігінен «қызыл кітапқа» енген жануардың 9 мүйізін тауып, сараптамаға жіберді. Қазір күдіктінің оларды қайдан алғаны анықталып жатыр.

Төлем терминалдарын тонағандар қолға түсті

Алматыда дүкендерге қойылған төлем терминалдарына қырғидай тиген ұрылар ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Олар көбіне қаланың ықшам аудандарында ұрлықпен айналысып келген. Екі күдікті бұған дейін де өзгенің мүлкіне қол сұққаны үшін істі болған екен. Оңай жолмен олжа тауып дәндеген күдіктілердің бірі 31-де, ал екіншісі 32 жаста. Тергеу кезінде зардап шеккен дүкен иелерінің саны ұлғаюуы мүмкін. Қазір қолға түскен ұрылар уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

– Іс материалдарына сүйенетін болсақ, бұл азаматтар дүкендердің кіре берістерінде орналасқан терминалдарды бұзып, ішінен ақшаларды жымқырған. Бүгінгі таңда тоғыз осы тәріздес қылмысқа қатысы дәлелдену үстінде. ҚК 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып тергелуде.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы