424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында заңсыз қызмет көрсеткен моншалар анықталды

  • 227
  • UPD: 13:36, 07.08.2020

Жаңаөзен қаласында карантин тәртібін бұзған бірнеше монша анықталып, жеңіл жүрісті қыздар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таразда жол ережесін бұзған жүргізушілер жазаланды. Ал Маңғыстау облысында жол апаты болып, 4 адам қаза тапты.

Заңсыз қызмет көрсеткен моншалар анықталды

Жаңаөзендік полицейлер карантин тәртібіне қарамастан жұмыс істеген бірнеше моншаны анықтады. Ең сорақысы, сауна иелері келушілерге «түнгі көбелектер» қызметін ұсынған. Түнгі рейд кезінде бас-аяғы 16 жеңіл жүрісті қыз бен 3 әкімші ұсталды. «Астана», «Шаңырақ» шағын аудандары мен теміржол вокзалы маңындағы моншаларда ұсталғандарға әкімшілік хаттама толтырылған. Есепке қойылған жезөкшелердің жасы 21 бен 42 аралығында. Арасында өзбекстандық азаматтар да бар.

Есірткі заты тәркіленді

Түркістан облысында есірткі затын тасымалдаған адам ұсталды. Шымкент қаласының 57 жастағы тұрғыны Ташкент бағытындағы тас жолда тоқтатылды. Тексеріс кезінде оның көлігіндегі сөмкеден 1 келідей марихуана шықты. Қазір күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ғаламтор алаяқтарынан абай болыңыз

Петропавл қаласының тұрғыны ғаламторда алданып қалды. Ол әлеуметтік желідегі арзан ішіктер жарнамасына көзі түсіп, әккі саудагерге 85 мың теңге алдын ала ақшасына аударған.  Содан кейін байланыс үзілген. Енді оны полицейлер іздестіріп жатыр. Тәртіп сақшылары волонтерлермен бірге орталық көшелерге шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Виталий Подчернин, облыстық пд криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

– Тұрғындарға ескертеріміз, әлеуметтік желі арқылы куәлігіңіз бен банк карточкаңыздың суретін жібермеңіз. Тауар сатып алсаңыз, мұқият болыңыз. Сатушыдан оның бейнесін сұраңыз. Банк қызметкері ретінде хабарласып, жеке мәліметтер сұрайтын алаяқтарда көбейіп кетті.

Жол апатынан 4 адам қаза тапты

Маңғыстау облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты. Қайғылы жағдай Ақтау – Жанаөзен тас жолының бойында болған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жүргізушісі рөльге ие бола алмай, көлігі аударылып кетті. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 

Жүгенсіз жүргізушілер жазаланды

Таразда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жазаланды. Көшеде ешкімді өткізбей, қатарласып жүрген көліктерді куәгерлер түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаған. Оның біреуі тіпті жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Полицейлер бұзақыларды  тауып , барлығын әкімшілік жауапқа тартты. Біреуі 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

 

Хабар 24 телеарнасы