432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жанармай бекетіне шабуыл сәті камераға түсіп қалды

  • 442
  • UPD: 12:21, 11.08.2020

Ақтөбедегі жанармай бекеттерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалды. Таңғы сағат үштің шамасында белгісіз азамат сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы ақшаны алып қашып кеткен. Жедел іздестіру шараларына кіріскен полицейлер сол маңдағы бейнебақылау камералары көмегімен күдіктіні анықтады. Бір күннен соң  22 жастағы азамат қолға түсті. Одан қылмыс құралы – пышақ тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Рудный қаласы тұрғынынан синтетикалық есірткі заттары салынған жүзге жуық қалташа табылды. 28 жастағы ер азамат оларды скутер көлігімен шаһар аралап, әр жерге жасырып жүрген. Полицейлер құпия орындардан да есірткі тапқан.

Мамандардың айтуынша, заңсыз нарықта тәркіленген заттардың құны шамамен миллион теңге болады. Күдікті оларды әлеуметтік желілер арқылы саудалауды жоспарлаған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, аса ірі көлемде есірткі заттарын саудалау бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.  

Алматы облысында 3 адам судан құтқарылды. Қапшағай көлінің солтүстік жағалауына демалуға келген 22 және 23 жастағы азаматтар үрмелі матраспен айдынның бетіне жүзіп шыққан. Кенеттен соққан жел оларды жағадан шамамен 600-700 метр қашықтыққа дейін әкеткен. Ал Алакөлде гидроциклмен серуендеп жүрген 20 жастағы жігіттің көлігі сынып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келген. Абырой болғанда, оқиға маңында төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кезекшілікке шыққан екен. Қиын жағдайға тап болған азаматтар дін аман, медициналық көмекке жүгінген жоқ. 

Ақтөбе облысында 3 күн ішінде жол жүру ережесін бұзғаны үшін 40 мотоцикл айып тұрағына орналастырылды. Өңірде өткен жедел алдын алу шарасы барысында қос дөңгелекті көлік жүргізушілері 200-ден астам әкімшілік заңнаманы бұзғандығы белгілі болды.Үш адам қауіпті транспортты мас күйінде жүргізген. Тәртіп сақшыларының айтуынша кейбір ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына да сатып әпереді. Көлік жүргізу дағдылары жоқ, жүргізуші мектебінде оқымаған жеткіншектерден жол бойында қауіп-қатер көп.

Хабар 24 телеарнасы