426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында браконьерлер 70 киікті атып алған

  • 303
  • UPD: 18:33, 13.08.2020

Батыс Қазақстан облысында бір үйдің екі баласы ашық қалған құдыққа құлап қайтыс болды.

БҚО-да екі бала ашық құдыққа құлап кетті

Оқыс оқиға Бірлік ауылына қарасты Шошай қыстағында болды. 3 жасар қыз бен 1 жастағы ер бала тереңдігі 3 метр болатын құдыққа құлап кеткен. Қазір осы жағдайға байланысты сот медициналық сараптама тағайындалды. Құтқарушылардың дерегінше, соңғы үш жылда аймақта балалардың ашық тұрған терезеден құлап кетуінің 20 фактісі тіркелген.

Ақылбек Ахметжанов, БҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Осындай оқиғалар бізде 2017-2019 жылдары ашық тұрған септиктерге түсіп кеткен жағдайлар тіркелген еді. Сондықтан балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұраймыз. Осы жылдың өзінде бізде 14 адам суға батты, соның 7-і бала өкінішке орай.

Браконьерлер 70 киікті атып алған

Ақтөбе облысында браконьерлер 70 киікті сұлатып салған. Тәртіп сақшыларының қолына түскен күдіктілер ақбөкеннің мүйізін саудалауды кәсіп етіпті. Бұрын заң алдында жауап беріп, істі болған азаматтардың екеуі шаруа қожалықтарының жетекшілері. Қылмыс үстінде қолға түскендерден киіктің 135 мүйізі мен 11 қол таразысы табылды. Күдіктілердің бірінің үйінен ресми тіркелмеген аңшы мылтығы мен қызыл кітапқа енгізілген жануардың еті анықталды. Ал қорасына жабайы қабанды қамап қойған. Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Саяжайға есірткі еккен

Шығыз Қазақстан облысының Ұлан ауданы тұрғыны саудалау үшін 19 түп қарасора шөбін өсірген. Есірткі затын баптап өсіруді қолға алған азамат кезекті жедел алдын алу шарасы кезінде анықталған. Саяжайлардың бірін тінту кезінде полицейлер кептірілген өсімдікті тауып алған. Артынша есірткі заты сол жерде өсірілгендігі де белгілі болды. Тәркіленген бұйымның салмағы  12 келіден астам. Күдіктіге қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды.

Талғат Шаяхметов, ШҚО ПД бастығының орынбасары:

–Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 296 бабы, 4 бөлімі және 300-ші бабы бойынша бағаланады. Бұл баптар бойынша айыпталушы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы