423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқашта баласын құтқармақ болған әке суға кетті

  • 183
  • UPD: 11:40, 14.08.2020

Балқаш көлінде баласын құтқармақ болған ер азамат суға кетті. Оқиға Приозерск қаласынан шамамен 5 шақырым жерде болған.  11 жастағы жеткіншек үрмелі матраспен айдынға шығып, жағадан тым алысқа жүзіп кеткен. Мұны байқаған әкесі құтқарушыларды күтпестен көмекке асығады. Алайда баласына жүзіп жете алмастан өзі  суға батып кеткен.  Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар департаменті мамандары жағадан 850 метр қашықтықта қалқып жүрген баланы құтқарды. Ал жеткіншектің әкесінің денесін іздеу жұмыстары шамамен бір тәулікке созылған. Суға кеткен адамды құтқарушылар жағадан 350 м қашықтықта тапты.

Семейде 5 қабатты жатақхананың балконынынан өрт шығып, 75 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар 3-қабаттағы тілсіз жауды дер кезінде өшіріп, бөлме иесінің ұлын құтқарды. Әйтеуір абырой болғанда қызыл жалын көрші пәтерлерге тарап үлгермеді, тұрғындар дін аман. Тек балконның 5 шаршы метр аумағы  ғана отқа оранып, тұрмыстық дүниелер бүлінген. Жыл басынан бері облыста осындай 20 оқиға тіркеліпті

Қостанай облысында орманды өрт шарпыды. Мамандардың айтуынша жалынның шығуына найзағайдың түсуі себеп болған. Өрт ауданы 3 гектар жердегі жасыл желекті жойды. Негізінен орман жиектеріндегі көктерек, қайың ағаштары өртенген. Қазіргі уақытта өрт ауыздықталды.  Тілсіз жауды Михайлов орман шаруашылығы мекемесі мен жергілікті серіктестің қызметкерлері тоқтатқан. 

Алматы облысында құмар ойындары автоматтары жойылды. Заңсыз құрылғылар экономикалық тергеу департаменті жүргізген жедел іздестіру шарасы барысында тәркіленген . Еліміздің заңнамасына сәйкес бұл автоматтар сот шешімімен заңды күшіне енген 5 үкім бойынша қиратылды. Құмар ойындары өткізілетін 15 автомат Алматы облысында орналасқан ірі металл сынықтарын қабылдау орындарының бірінде жойылды.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы