421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды

  • 162
  • UPD: 23:18, 06.09.2020

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тергеу мәліметіне сәйкес, әзірге бұл баукеспелердің кем дегенде 23 мал ұрлығына қатысы бар. Жәбірленушілердің шығын көлемі – 40 миллион теңге.

Барымташылар қылмықтық әрекетін облыс аумағында жүргізген. Бір ауданмен шектелмеген. Зардап шеккендердің арасында өңірдегі Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы ауданының тұрғындары бар. Кәнігі ұрылар тек ірі қара мен жылқыларды ғана үптеп кетіп отырған. Күдіктілер соңғы бір жылда 20 бас сиыр мен 58 бас жылқыны қолды қылған. Малдың кейбірі қорадан жоғалса, біразын жайылымнан айдап әкетіп отырған.

Жайшыбек Жұматаев, Төлеби ауданының тұрғыны:

- 2020 жылы 23 наурыз күні көкпар шауып жүрген екі атымды қораның артын бұзып ұрлап кетті. Мен Төлеби аудандық ішкі істер бөліміне арыздандым. Содан іздеп, берді. Полиция қызметкерлеріне рахмет. Атымды тауып бергені үшін.

Нұрғали Лесбеков, Төлеби ауданының тұрғыны:

- 2 маусым күні белгісіз тұлғалар атымды ұрлап алып кетті. 2 қыркүйек күні ұрылар құрықталып, атымды тауып берді. Төлеби аудандық ішкі істер полициясына үлкен рахмет.

Баукеспелерді ұстау оңай болған жоқ. Ол үшін аудандық полиция бөлімдерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Жедел уәкілдер барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, мал саудасымен айналысатын адамдарды мұқият тексерген. Нәтижесінде екі бірдей қылмыстық топтың ізіне түсіп, қолға түсірді. Ұсталғандар Түркістан мен Шымкент қаласының тұрғындары екені анықталды. Күдіктілердің бір тобы ұрланған малды жүк көлігімен жеткізіп беріп отырса, екіншісі соларды қамайтын қора-жайды сайлап, жасырып ұстап отырған.

Сұлтанбек Үсіпбеков, облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- Бір қылмыстық топ 3 адамнан құралған, 2 қылмыстық топ 5 адамнан құралған. Күдіктілердің барлығы бұрын да ұрлықпен сотталып шыққан. Қазіргі таңда ҚР ҚК 188-бабымен ұрлық фактісімен қамауға алынып, сотқа дейінгі алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, алдын ала келісім бойынша ұрланған малды сатып алушы тағы 4 адам ұсталды. Жалпы қолға түскен күдіктілерден 42 бас жылқы тәркіленіп, жылқылар заңды иелеріне қайтарылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы