420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да түрмеге ішімдік өткізбек болғандар ұсталды

  • 155
  • UPD: 12:16, 10.09.2020

ШҚО-ның ОВ 156/20 түзету мекемесінің ішіне 4 бөтелке ішімдік лақтырып өткізбек болған азамат ұсталып жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек осы мекеме маңын қарап-бақылау барысында №1 учаске жанынан оралған буманы лақтырып өткізбекші болған тағы бір азамат ұсталады. Белгілі болғандай буманың ішінде екі бірдей ұялы телефон болған. Қазір заңға қайшы әрекет жасамақ болған күдікті полицейлер алдында жауап беруде.

Ғалымжан Балтабаев, ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары:

- Мекеме аумағына азаматтар әртүрлі айламен тыйым салынған заттарды лақтыруға тырысады. Алайда мұндай жұмыстар үнемі жүргізіп тұрады. Осы жолы 4 бөтелке ішімдік лақтырмақ болды. Ол ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Шымкентте көпқабатты үйдегі өрт сөндірілді

Шымкент қаласында электр желілерінің тұйықталуы салдарынан 5 қабатты үйдің бір кіреберісі өртеніп кете жаздады. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер алдымен 8 адамды қауіпсіз жерге алып шыққан. Оның төртеуі – бала. Қою қара түтінге тұншыққан тұрғындарды алып шыққаннан соң бірден қызыл жалынмен күрес басталады. Белгілі болғандай өрт бірден бесінші қабатқа дейінгі аралықтағы электр қорабы мен есептегіш сымдарының жануы салдарынан пайда болыпты.

Дмитрий Кайрин, өрт сөндіруші:

- Төртінші және бесінші қабат тұрғындары өз еріктерімен сыртқа шыға алмай қалған. Біз бірден сол тұрғындарды құтқаруға кірстік. Өртті ауыздықтауға 3 өрт сөндіру көлігі мен жеке құрамның 16 қызметкері жұмылдырылды. Жалын түнгі сағат 02:06-да толық сөндірілді.

 

Қостанай есірткі таратқандар ұсталды

Қостанайда есірткі таратып, пайда тапқан бір топ адам ұсталды. 4 адамнан құралған топ аса ірі көлемде есірткі саудасымен айналысқан. Олардан тәркіленген героиннің жалпы салмағы 25 грамға жеткен. Олардың біреуі есірткіні жеткізіп тұрса, қалғандары таратып отырған көрінеді.

 

ШҚО-да зейнеткерлерді алдаған алаяқтар ұсталды

ШҚО-да зейнеткерлерді алдаған алаяқтар ұсталды. Олар кейуананың үйін сатып аламыз деп келіп, кейін үйде теріс энергия бар деп шошытқан. Ал оны алу үшін алтын мен ақша талап еткен. Алданған қариялар тек бір тәуліктен кейін ғана жинаған ақшасынан жұрдай болғанын біледі. Қолға түскен екі әйел мен бір серіктес өз кінәларын мойындады.

Жұмабике Оразова, зейнеткер:

- Бірден полицияға хабарластым. Олар келді де, барлық жайтты сұрап, артынша «қылмыскерлерді ұстадық» деді. Қуанып кеттім. Шығын болған заттарым мен ақшамды түгелдей тауып берді.

 

Ақтөбеде заңсыз қару сақтағандар анықталды

Ақтөбе облысының полицейлері небары 4 күнде 17 заңсыз сақталған қару-жарақты тәркіледі. Бұдан бөлек электрошокер мен шолақ мылтықтарды бұрынғы иелері заңсыз сақтап келген көрінеді. Сондай-ақ заңды түрде қару сақтағандардың өздері көбіне барлық талапты сақтамаған. Олқылықтың барлығы «Қару» ЖП іс-шарасы барысында анықталып отыр.

Хабар 24 телеарнасы