429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы тұрғындары: Қайғылы жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?

  • 148
  • UPD: 10:33, 11.09.2020

9 қыркүйекте түнгі сағат 02:00 шамасында Алматыдағы Патшайым Тәжібаева көшесінде жер астындағы газ құбырынан улы зат аспанға атқылаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, тұрғындар дер кезінде құтқару қызметіне хабарласып, апаттың алдын алған. Тұрғындардың жеті түнде бұлай сақ жатуына себеп жоқ емес. 10 күн бұрын дәл осы көшедегі №145 үйде бөлменің ішіне жиналып, қалған газ жарылып, үй иесі қаза тапқан. Бойларын үрей билеген тұрғындар «қайғылы жағдайдың қайталанбасына кім кепіл», дейді.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Мынау бір шырпыдан астан-кестен болған үй. Светлана Поворованың айтуынша, 31 тамыз күні күйеуі, марқұм Александр Поворов таңға жуық жуынатын бөлмеде темекі тұтатпақ болып, оттығын жаққанда, жарылыс болған. Қысымның қатты болғаны соншалық, терезені жұлып, 10 метр жерге лақтырған. Денесінің 90%-ін күйік шалған үй иесі ауруханада жан тапсырады. Светлана Поворова газ үйге сырттан септик арқылы кірген деп отыр.

Светлана Поворова, қаза болған азаматтың әйелі:

- Жарылыс болған күні жуынатын бөлмеге кірсем, қол жуғышта от лаулап жатыр. Демек, газ сол тесіктен кірген. Апат қызметінің өкілдері «жарылыс септикке жиналған қалдықтардың қысымынан болды» дейді. Бұл мүмкін емес. Септикті ашып көрді. Ол жерде жиналған қалдық жоқ. Тап-таза. Ол жер толқынды жабынмен жабылған. Яғни, ауа өткізіп тұрады. Жақында ғана жасатқанбыз. Үйдің ішінде де бөтен иіс болған емес.

Қайғылы оқиғадан соң газбен қамтамасыз ететін компания жер астындағы газ құбырын қазып, тексерген. «Ешқандай ақау таппадық», деп қайта жапқан. Ал, арада 10 күн өткенде, кеше түнде, дәл осы көшеде тағы да тас жолдың астынан будақтап газ атқылаған. Жарылыстан қорқып қалған тұрғындар улы газ тағы қай жерден шығар екен деп алаңдаулы.

Наталья Ефимова, тұрғын:

- Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Басында не болып жатқанын түсіне алмадық. Даладағы иіспен демалу мүмкін болмады. Осы трасса арқылы бірнеше коммуникация жүргізілген. Біз өзімізді жарылғыш бөшкенің үстінде отырғандай сезінеміз. 10 күн бұрын 1 жарылыс. Түнде міне, тағы сол жағдай.

«Жер астындағы пластик құбырлар сыртқы қысымның әсерінен зақымдалып, жер бетіне газ атқылаған», - дейді құзырлы мекеме өкілдері. Яғни, жол жасағанда түрлі гидросоққылар болуы мүмкін. «Ал, адам өліміне әкелген жарылысқа көшедегі құбырлардың қатысы жоқ», дегенді алға тартты.

Абликим Юсупов, газбен қамтамасыз ететін компания өкілі:

- 31 тамыз күні бізге төтенше жағдайлар қызметінен арыз келіп түсті. Болған жағдай туралы акт жасалды. Бірақ жарылыс табиғи газдан болмаған. Біз шұғыл түрде жер астындағы газ құбырын тексердік. Онда газдың сыртқа шығып жатқаны анықталмады.

Тұрғындар «септик құдықтағы қалдықтардың қысымы жарылыс болатындай қуатты емес», дейді. Істің анық-қанығын сот шешеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы