420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астрахань – Маңғыстау су құбыры жарылды

  • 179
  • UPD: 22:15, 11.09.2020

Бұл апатты жағдай кеше Атырау облысына қарасты Жылыой ауданының аумағында болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан Маңғыстау облысының бірқатар ауылы уақытша сусыз қалуы мүмкін.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Кеше Астрахань – Маңғыстау су құбырының Жылыой ауданының аумағындағы құбыр желісі жарылған. «Мұның басты себебі – су құбырының ескіруі», – деп отыр жауапты мамандар. Себебі 32 жыл бұрын, яғни 1988 жылы пайдалануға берілген құбырдың тозығы жеткен. Жалпы биыл Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласы мен Майкөмген елді мекенінің аралығындағы 50 км су құбырын жөндеу жоспарланған екен. Алайда ол жөндеуге жетпей, апаттық жағдай орын алып отыр. Енді бұл жағдайдың салдарынан Құлсары қаласы мен Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының аралығындағы елді мекендер мен ауылдар қордағы сумен қамтамасыз етіледі. Жауапты мамандар: «Жарылған су құбырын бүгін қалпына келтіруге тырысамыз», – дейді. Жөндеу жұмыстарына 30-дан астам қызметкер мен 20-дан астам техника жұмылдырылған.

Асқар Құлтумиев, учаске инженері:

– Қазіргі уақытта су құбырын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпті жағдай күтілмейді. Жоспар бойынша бүгін аяқтауға тырысамыз. Содан кейін Маңғыстау облысы сумен қамтамасыз етіледі деп сенеміз.

Астрахань мен Маңғыстау облыстарының арасындағы бұл су құбырының ұзындығы 2 мың шақырымға жуық. Жағдай тұрақталғаннан кейін келген шығын көлемі есептеледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

 

Хабар 24 телеарнасы