428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да бес үйдің қора-қопсысы өртенді

  • 180
  • UPD: 12:57, 01.10.2020

Батыс Қазақстан облысындағы Достық ауылында 5 бірдей үйдің қора-қопсысы өртенді. 50 тоннадай жем-шөп, 20 тонна сабан, 7 шошқа мен ондаған үй құсы жанып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бұл өрттің қасақана қойылған болуы мүмкін екенін айтады. Қызыл жалынды сөндіруге 4 өрт сөндіру бригадасы, 8 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Қазір өрттің нақты себебі мен тұрғындарға келген шығын көлемі анықталып жатыр. Бастысы тұрғындар дін-аман.

Түркістан облысында есірткінің ірі партиясын тасымалдаушылар ұсталды. Анықталғандай, екі күдікті Нұр-сұлтан қаласы  мен Жамбыл облысының бұрын сотты болған  тұрғындары. Олар 700 келі есірткіні «Тойота Ланд Крузер» көлігіне тиеп, Жамбыл облысынан шыққан. Көлікті тінту кезінде ішінен 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдыс табылды. Сараптама қорытындысы бойынша олардың есірткі екені анықталды. Бүгінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері күдіктілер есірткінің ірі партиясын қандай мақсатпен тасымалдағанын, сондай-ақ есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтап жатыр.

Асылжан Қалдарбеков, облыстық ПД басшысының орынбасары:

- Алдын ала бұлар дайындап, 37 қапқа салып, Созақ арқылы, Бетпақдала арқылы Қостанайға жеткізбекші болған. Көлік жүрмейтін жолсыз жолмен кетіп бара жатқан кезде өңірлік қорықшылар байқап қалып, сол жерде полиция қызметкерлерімен бірге ұстады. Дәл қазіргі уақытта аталған 37 қап тәркіленіп, оның ішінде 650 кг марихуана, 48 кг горшиш екені белгілі болып, аталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Қарағанды облысының полицейлері ауыл тұрғынын өрттен құтқарып қалды. «Алматы-Екатеринбург» тас жолын бақылап жүрген тәртіп сақшылары таңғы 5-тер шамасында Жұмабек ауылы маңынан қызарған отты байқап қалған. Бақса, жеке тұрғын үй ауласындағы шаруашылық ғимараты жанып жатыр екен. Қызыл жалын үйге жақындап қалыпты. Жедел жеткен полицейлер үй ішіндегі тұрғындар мен қорадағы малды сыртқа шығарып, оларды өрттен құтқарып қалды.

Қуаныш Шөкенов, облыстық ПД Жол-патрульдік полициясы батальонының аға инспекторы:

- От жалыны өте қатты болды. Түтіннен көрінбейді. Бірақ ол адамдардың қарап отырған малдары, күн көріп отырған төрт түлігі ғой, еңбектері. Біздің мақсат оларды құтқару болды. Және үйдегі азаматтарды оятып алдық.

Хабар 24 телеарнасы