427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында суға кеткен көліктен анасы мен қызы құтқарылды

  • 175
  • UPD: 09:58, 07.10.2020
Қарағанды облысында суға кеткен көліктен анасы мен қызы құтқарылды

Қарағанды-Абай тас жолында жүйіткіп бара жатқан жеңіл автокөліктің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай жол бойындағы өзенге түсіп кеткен. Көлікте 1978 жылы туған азаматша мен 2004 жылғы қыз бала болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көлікті де, адамдарды да аман алып шықты. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеде 7 қалташадағы шайдан есірткі табылды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/17 мекемесінде сәлем-сауқат пен бандерольды тарату барысында жазасын өтеушінің атына келген сәлемдеме күдік туғызып жіті тексерілген. Нәтижесінде 7 қалташадағы шай орнына ұнтақ тәріздес әрі спецификалық иісі бар заттың тығыздалғандығы анықталды. Мекемеге дереу жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылып, күмән тудырған зат тәркіленді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленген затқа қатысты сот сараптамасы тағайындалып, қорытындысы бойынша оның 37 гр гашиш заты екені анықталды.

Өскеменде жеке тұрғын үй  қызыл жалынға оранды. Өрт 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Ол кезде үй тұрғындарының барлығы іште болған көрінеді. Дегенмен, олар қауіпті  аймақтан дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Өртті сөндіруге 4 техника мен жеке құрамнан 18 адам жұмылдырылды. Мамандардың айтуынша, тілсіз жаудың шығуына үйдегі пешті қолдану кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған.

Шымкентте бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан дүңгіршек отқа оранды. Өрттің салдарынан жалпы көлемі 15 шаршы метр дүкеннің төбе жаппасы толығымен және көлемі 6 шаршы метр  полиэтиленнен жасалған бастырмасы жанып кетті. Қызыл жалынды сөндіруге 4 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 14 адам мен апаттар медициналық орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Өрттен  зардап шеккендер жоқ.

Хабар 24 телеарнасы