432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық полицейлер «Қаңғыбас» жедел шарасын өткізді

  • 109
  • UPD: 10:54, 16.10.2020

Павлодарлық полицейлер «Қаңғыбас» жедел-алдын алу шарасы барысында хабар-ошарсыз кеткен үш азаматты тапты. Сонымен қатар, қылмыстарға қатысы бар алты тұлға анықталды. Олардың кезбелікке салынып кеткені белгілі болды. Мәселен, тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтардың бірі Омбы облысында аса ауыр қылмыс жасағаны белгілі болды. Мамандардың айтуынша, жоғалып кеткендерді барлығы ішімдікке бейім келеді. Салдарынан көше кезіп кетуде. Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі күні адамдардың ес-түссіз жоғалуының 168 дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі табылып, туыстарына табысталған.

Павлодарлық полицейлер «Участок» жедел-алдын алу шарасы барысында 180 мың пәтерді аралады. Оның барысында ұсақ бұзақылық, қоғамдық жерлерде темекі тарту,  ішімдік ішу сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Тексеріс барысында азаматтық қаруды сақтау ережелеріне басымдық берілді. Нәтижесінде  64 қару тәркіленді. Сонымен қатаржыл басынан бері тұрғылықты мекені жоқ 900-ге жуық тұлға есепке алынды. Алдын алу шарасы барысында заңды бұзған бес мыңға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

«Алматы-Өскемен» тас жолының бойында Қербұлақ ауданының тұрғыны көз жұмды. 41 жастағы азаматты қағып кеткен жүргізуші үш күннен соң табылды. Оқиға орнынан ізін суытқан Нұр-Сұлтан қаласының 46 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұл іс бойынша тергеу басталды, ал автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Рамиль Гимадиев, Облыстық Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Кешенді іздестіру шараларының нәтижесінде жүргізушінің аты-жөні анықталды. Көлігі де табылды. Тексеріс барысында күдікті кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта бірқатар сараптама тағайындалды, іс тергелуде.

Қарағандыда жерасты өткелінде орналасқан дәмхана өртеніп, ішіндегі жиһаз, тұрмыстық техника мен өзге де заттар түгелімен жанып кетті. Қызыл жалынды ауыздықтауға 13 өрт сөндіруші атсалысты. Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Шымкенттегі Базарқақпа тұрғын үй аумағында екі ғимарат отқа оранды. Өрт алдымен төбе жабындысына тарады, кейін қосарласа тұрған екінші ғимаратқа көшті. Салдарынан 250 шаршы метрлік аумақтың ішінде сақталған тұрмыстық және құрылыс материалдары жанып кетті. Қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен келтірілген материалдық шығын көлемі анықталуда.

Хабар 24 телеарнасы