428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарында тоғыз айда 11 адам мерт болған

  • 111
  • UPD: 09:03, 18.10.2020

Биыл тоғыз айда Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарындарында 11 адам мерт болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

54 адам зардап шегіп, жетеуі жарымжан болып қалды. Жазатайым жағдайға тап болғандарға жұмыс берушілер қандай көмек көрсетеді және қарапайым жұмысшының құқығы қалай қорғалады?

Динара Елеш – жедел жәрдем қызметіне бір жыл бұрын ғана орналасқан жас маман. Фельдшер болып істейді. Жұмыс кезінде түрлі тосын жағдайға тап болады. Бірде жедел жәрдем көлігі жол апатына түсіп, ішіндегі қызметкер дене жарақатын алған. Қазір барлығы да толығық айығып, қатарға қайта қосылды.

Динара Елеш, фельдшер:

– Біздің жедел жәрдем көлігі жеңіл көлікке соқтығысты. Түн болатын. Ішінде мен және дәрігер болды. Көлік есігіндегі әйнекке қасымды жырып алдым. Осы өзіміздің кәсіподақтан төленді.

Биыл тоғыз айда өңірдегі өндіріс орындарында жалпы саны 45 жазатайым жағдай тіркелген. Көбі мұнай, құрылыс, метал өндіру зауыттары мен темір жол саласында. Соңғы кезде жедел жәрдем қызметінің мамандары да жұмыс кезінде жиі жарақат алатын болды. Арнайы мамандар әрбір жағдайды жіті тексеріп, қауіпсіздік талаптары кімнің тарапынан бұзылғанын анықтайды. Жұмыс берушінің кінәсі анықталса, жапа шеккен қызметкерге өтемақы төленеуі тиіс.

Аслан Бахатов, мемлекеттік еңбек инспекторы:

– Еңбек кодексімен де, азаматтық кодекспен де көмек беру қарастырылған. Бүгінгі күні мекеме тарапынан тиісті көмек бермеу жөнінде бізде ақпарат жоқ. Барлық осы тіркелген жазатайым оқиға бойынша тиісті әлеуеметтік қолдау көмек беріліп жатыр. Бұл көмекпен жұмысшылар келіспеген жағдайда сот арқылы азаматтық кодекс шеңберінде қосымша ақы талап ете алады.

Жыл басынан бері Еңбек инспекциясына жұмысшылардан 200 дей шағым түскен. Осыған байланысты кәсіпорындарда тексеру жүргізіліп, жұмыс берушілерге жалпы сомасы 8,5 миллион теңге айыппұл салынды. Жұмысшылардың құқығын қорғауға жергілікті кәсіподақ ұйымы да ат салысып келеді. Бірақ көптеген ірі компанияда қоғамдық ұйымның өкілдігі құрылмаған.

Жеңісбек Ақбергенов, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары:

– Ақтөбе өңірінде бірқатар ірі компания бар. Ірі компанияларда кәсіподақ ұйымдары жоқ. Соңғы пандемия кезінде мұнай саласында, оның ішіндегі сервистік компанияларда шамалы заң бұзушылық анықталып отырды. Дегенмен біз қоғамдық ұйым болған соң коғамдық бақылауымызды күшейтіп, әліеуметтік әріптестеріміз облыс әкімдігі, еңбек инспекциясымен бірлесе отырып, тиісті шаралар қолданған болатынбыз.

Айта кетейік шілденің 28-і күні Ақтөбедегі хром қосындылары зауытында бес адам қаза тапқан еді. Арнайы комиссияның тексерісі нәтижесінде қайғылы жағдайдың 80 процентіне жұмыс беруші 20 процентіне жұмысшылардың кінәлі екенін анықталды. Кәсіпорын асыраушысынан айырылған отбасыларға жалпы сомасы 23 миллион теңге өтемақы төлеген. Кінәлі ретінде үш адам қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу ісі әлі жалғасып жатыр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы