425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда көлік ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

  • 101
  • UPD: 11:36, 02.11.2020
Нұр-Сұлтанда көлік ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Нұр-Сұлтан қаласында көлік ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ қолға түсті.

Ал ШҚО-да тұрғын үйден өрт шықты. Осы және өзге де жаңалықтар «Оқыс оқиға» айдарында.

Атырауда карантин талаптарын бұзған нысан жабылды

Атыраудағы барлардың бірінде Хэллоуин мерекесі тойланған. Тәртіп сақшылары кешті дереу тоқтатты. Мерекені атап өтуге 150-ге жуық адам жиналған. Карантин талаптарына сәйкес ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытына шектеу қойылғанына қарамастан, кәсіпкерлік нысан түнде қызмет көрсеткен. Полицейлер қонақтарды түгелдей таратып, ғимаратты жауып тастады. Сауық нысанының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Петропавлда 100 келіден астам есірткі заттары өртелді

Петропавлда есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы адам санасын улайтын заттарды өртеу акциясын өткізді. Арнайы комиссияның қатысуымен 100 келіден астам еліткіш шөптер мен бұйымдар жойылды. Жыл басталғалы бері аймақта 390 келі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 1,6 кг синтетикалық дәрілік заттар бар. 85 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Нұр-Сұлтанда қылмыстық топ ұсталды

Нұр-Сұлтан қаласында көлік ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Елордалық полицейлер жедел іздестіру шарасы кезінде олар мінген көлікті тоқтатты. Күдіктілер көліктің есігін құлыптап алып, шығудан бас тартқан. Тәртіп сақшылары терезені сындырып, оларды қамауға алды. Қылмыстық топ 5 ұрлық дерегі бойынша тергеуге алынды. Құйтырқы әрекеттерін жоспарлы түрде жүзеге асыратын пысықайлар сканерлеу құрылғысы бар темір тұлпарды да тізгіндеп кеткен. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Семейде тұрғын үй өртенді

Семейде көпқабатты үйлердің бірінде өрт тұтанды. Дәл осында өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі тұрады екен. Құтқарушы қою түтін шыққан кезде бірден көмекке жүгірді. Ол баспалдақта қалып қойған 6 жасар қызды сыртқа алып шықты. Кейін қалған тұрғындарды ояту үшін ішке кіріп, айқайлап, есіктерді қаққан. Сәлден соң өрт сөндірушілер келіп жетіп, тілсіз жауды жедел ауыздықтап үлгерді. Зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі, кінәлі тұлғалар мен шығын көлемі анықталып жатыр.

Өскеменде өрт сөндіру үшін қайық қолданылды

Өскеменде де жеке тұрғын үй отқа оранды. Баспана төбешікте орналасқандықтан, өрт сөндіру техникалары үйге жете алмады. Құтқарушылар көлікті 2 шақырым жерге тастап кетуге мәжбүр болды. Қысылтаяң сәтте мамандар тиімді тәсілді пайдаланды. Оларға қажетті құралдар қайық арқылы жеткізілді. Жар басындағы жалғыз үйде ешкім болмаған. Қазір мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

ШҚО-да шаруа қожалығынан өрт шықты

Тағы да тілсіз жау жағадан алды. ШҚО-дағы шаруа қожалықтарының бірінде өрт шықты. Қызыл жалын мал ұстауға арналған ғимаратты жалмаған. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен қатар қожалықтағы жұмысшылар мен техникалар жұмылдырылды. Қызыл жалынды сөндіруге 2 сағаттай уақыт кеткен. 480 шаршы метр аумақ жанып кетті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Мал шығыны да болмаған. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы