424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теңізде браконьерлерді ұстау сәті тілшілердің таспасына түсіп қалды

  • 142
  • UPD: 22:26, 05.11.2020

Маңғыстау облысындағы тілшілеріміз Каспий теңізінде браконьерлерді ұстау операциясын түсіріп алды. Үш адам мінген су көлігі шекарашыларды көрген бойда қаша жөнелген. Екінші дивизион сақшылары теңіздегі қолайсыз ауа райына қарамастан заңсыз балық аулаушыларды жарты сағатта қолға түсірді. Шекара тәртібін бұзып, бекіре балығын ауламақ болғандар енді заң алдында жауап береді.  

- Обнаружена неопознанная цель в координатах северная широта 44, 40 и восточная долгота 50.00, на запросы поста технического наблюдения не отвечает.

Шекара катерінің экипажы Каспийдегі мемлекеттік шекараны күзету үшін жауынгерлік кезекшілікке шыққан еді. 1,5 шақырым жерде жүрген екі моторлы қайық теңіз сақшыларын көре сала қаша жөнеледі. «Тоқта» деген бұйрыққа бағынбаған су көлігін ұстау үшін жарты сағаттай уақыт кетті. Қолға түскен қайықта үш адам болды. Үшеуі де тыйым салынған бекіре балығын аулауға келген облыс тұрғындары екен. Олар шекарашылардан қашып жүріп, аулаған балықтарын теңізге қайта тастап үлгірді.  

Заңсыз балық аулаушылармен кешенді күрес операциясы бір айдан бері жүріп жатыр. Бұл шараға Қазақстан мен Ресейдің шекарашылары атсалысуда. Бірлескен жұмыстың арқасында теңіздің қазақстандық бөлігінде 5 мың балық ғана емес, браконьерлердің қармағына іліккен 19 итбалық та құтқарылды. 

Фархад Мирманов, шекарашылар кемелері екінші дивизионының командирі:

- Өткен тәулікте Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің Қаражанбас бағыты аймағында 15-ке жуық браконьерлік тор анықталған. Торда әртүрлі балықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың 58-ден астам түрлері, жалпы салмағы 179 келі балық шықты.  Және торға тағы 5 итбалық түсіпті.  Барлығы тірі екен, түгел теңізге жіберілді. 

Бірлескен шараға екі елдің жауынгерлік кемелері, тікұшақтары мен жағалаудағы шекарашылар жұмылдырылды. Шекарашылар кемесінің екінші дивизионы 66 рет ашық теңізге шығып, 30 тәулік бойы жауынгерлік қызметте жүрді. Браконьерлерге қарсы шабуылдың нәтижесінде ұсталған бекіре балықтары мен итбалықтар суға жіберілді. Осылайша шекарашылар мемлекетке келетін 2 млрд теңге шығынның алдын алды. 

Данияр Малшыбаев, облыс бойынша шекарашылар қызметі департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған 85 адам ұсталды. Барлығы да ел азаматтары. 190 мың метрдей балық аулауға тыйым салынған құралдар судан шығарылып, тәркіленді. Теңізге 5 мыңға жуық бекіре және басқа да балық түрлері мен 19 итбалық жіберілді. Заң бұзғандарға 1 млн 700 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Екі елдің шекарашылары радиолокациялық құрылғылар арқылы байланысып отыр. Келісімге сәйкес, Ресей шекарашылары Қазақстан азаматын ұстаса қазақстандық әріптестеріне береді. Ал біздің ел аумағында қолға түскен көрші елдің азаматтары Ресей шекарашыларына табысталады. Бірлескен шара осы айдың 15-іне дейін жалғасады.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы