425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ауған соғысында бірге болған достар 32 жылдан соң көрісті

  • 511
  • UPD: 18:49, 06.11.2020

 

Нұрболат Оспанов Ауғанстанда бірге болған қанды көйлек жолдасының фотосуреттері мен үшбу хатын сонау 1988 жылдан бері сақтап келіпті.

Іздемеген жері жоқ. Тек араға 30 жыл салып кездесудің сәті түсті. Сөйтсе, бірі Қазақстанның, екіншісі Татарстанның қиырында өмір сүріп келген екен.

2019 жылдың жазында ресейлік телеарнаның «Жди меня» бағдарламасына Қазақстаннан үшбу хат жетті. Ақмолалық азамат ауған жерінде бірге болған қарулас досын іздейтінін жазыпты. Жүрек тебірентер жазба бағдарлама ұжымын бей-жай қалдырмаса керек. Қазақстанға арнайы келіп, Нұрболат Оспановтан арнайы сұхбат жазып алып кетеді.

Суреттегі Рафильдің Нұрболат үшін орны бөлек. Қанды қырғыннын қақ ортасы саналатын Қандағардағы соғыста бірге болды. Майданда көрген сұмдықтары – бөлек әңгіме. Сондай қиын шақта қаруластар бір-бірінен қолдау іздеді, бір-біріне арқа сүйеді. Содан да болар, Ауғанда өткен екі жылы бүкіл ғұмырымен пара-пар сияқты көрінеді.

Нұрболат Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Бірге жүріп, қасында бірге тамақ ішкен оларды қалай ұмытасың? Оларды ұмытуға болмайды. Ақырғы хатын 32 жыл сақтадым. «Давай, Нурик, встретимся в Союзе» деп осыны жазды.

Назерке Оспанова, Нұрболат Оспановтың қызы:

– Бізге аты осындай, тегі осындай деп айтады. Қарап көрейік, іздеп көрейік дейтінбіз. «ВКонтакте» желісінде қаншама топ бар. Сол жаққа комментарий ретінде: «Осындай взводта, осындай жылы болған, кім біледі?» деп жазатынмын. Бірақ ешкім жауап қайтармайтын.

Бірақ арада 6 ай өткенде аяқ астынан Нұрболат Оспановқа Мәскеудегі бағдарламадан арнайы шақырту жетеді.

Нұрболат Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Мен: «Таптыңдар ма?» – деп айттым. «Қайда екен?» деген ой болды. Неше түрлі жағдай болады. Ауырып қалды ма екен, мені танымай ма деген де ойлар болды. Алайда біраз уақыттан соң онымен кездесетініме сенімді болдым.  

Достыққа адал жүрегі алдамапты. Рафиль де досының әрбір қылығын ұмытпаған. Күні кеше болған оқиға сияқты жіпке тізіп айтып берді.

Рафиль Мингалиев, Қазан қаласының тұрғыны:

– Нұрболат тәттіні өте жақсы көруші еді. Қарақұмық қосып, сорпа қайнататын да, үстінен қант қосып жіберетін. Сорпамыз тәп-тәтті боп шыға келетін.

Қанды көйлек жолдасы өзін іздейді деген ой Рафильдің үш ұйықтаса түсіне кірмесе керек.

Рафиль Мингалиев, Қазан қаласының тұрғыны:

Нұрболат, мені іздеп жүргеніңді естігенде, есімнен таңып қала жаздадым. Тіл-аузым байланып қалды деуге де болады. Менің екі ағам бар еді. Енді сенімен үшеу болды. Қазанға қыдырып кел. Бүкіл қаланы аралап шығамыз. Менің шаңырағымда қонақ боласың, саған есігім қашанда ашық.

Досымен кездесуге Қазанға бүгін-ақ ұшып кетуші еді. Карантин кедергі болып тұрғаны. Бірақ алыста болса да, досының жер басып, аман жүргенін көңілге медет тұтады.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков

Хабар 24 телеарнасы