425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астрахан ауданында жоғалған балықшының денесі табылды

  • 105
Астрахан ауданында жоғалған балықшының денесі табылды

Бүгін сағат 16.30-да Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Астрахан ауданының Баршын көлінен ағымдағы жылғы 23 қазанда жоғалып кеткен ер адамның денесін тапты. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 23 қазанда Астрахан ауданы Ұзынкөл ауылдық округінің Баршын көліне төрт адам балық аулау үшін барған болатын. Сол күні кешке үшеуі металл моторлы қайықпен көлде жүзген. Ал біреуі жағалауда қалған. 2020 жылғы 28 қазанда іздеу тобы екі балықшының денесін тапты. Ал үшінші балықшыны іздеу жұмыстары 14 күнге созылды.

Бүгінгі күні Баршын көліндегі іздестіру жұмыстарына үш жүзу құралында құрамына 15 адам кіретін үш сүңгуір тобы, аудан әкімдігінің, полиция бөлімінің қызметкерлері, балықшының туыстары мен жанашыр тұрғындар қатысты.Көлдің ауданы 40-тан астам шаршы шақырым болғандықтан және оның көп бөлігін қамыс басып кеткендіктен іздестіру жұмыстарында қиындықтар туындады.

Құтқарушылар балықшыларға балық аулауды жеке құтқару құралдары болған кезде ғана жүзеге асыруды ұсынады. Егер сіз қайықпен балық немесе аң аулауға шықсаңыз, онда қайық техникалық жағынан жарамды, су төгетін және құтқару құралдарымен жабдықталған болуы керек. Қайықта болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию және ешқандай оқыс қимыл жасамау, бортта еңкеймеу, қайықта тұрмау және қозғалмау қажет.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы