423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында түйе кәріз шұңқырына түсіп кетті

  • 123
  • UPD: 12:32, 11.11.2020

Ал Маңғыстаулық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кәріз шұңқырына түсіп кеткен түйені құтқарып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко ауылында болған. Үй маңында жайылып жүрген жануар шұңқырға құлаған. Түйені арқанмен тартып, сыртқа шығарды.

 

Түркістан облысында алтын бұйымдарды ұрлаған күдікті ұсталды

Түркістан облысының полицейлері 7 млн теңгенің алтын бұйымдарын қолды қылған күдіктіні ұстады. Сезікті осыдан бірнеше күн бұрын тапа-тал түсте бетперде киіп, сауда орындарының біріне қару-жарақпен кіріп, сатушыға күш қолданып, қымбат әшекейлерді қолды қылған. Кейін ол Кентау қаласына қашып кеткен. Тергеу барысында ол заттарды ломбардқа өткізіп, ақшаны жұмсап тастағандығы белгілі болды. Күдікті ешқайда жұмыс істемейтін Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Қазір ұрланған бұйымдар айғақты зат ретінде тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Аман Бұрханов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінде топ құрылып, екі күн көлемінде видеокамералар және сату орындарының сатушылары, такси жүргізушілері күндізгі уақыт болғанына байланысты бәрін сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Екі күнде біраз дәлелдер жиналып, қылмыскер анықталды. Бұл ҚР ҚК 192-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда қылмыскер қамауға алынды.Тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Петропавлда тонаушылар ұсталды

Петропавлда самокатпен адам тонап кеткен екі азамат ұсталды. Күдіктілер түнгі уақытта көшеде кетіп бара жатқан 36 жастағы қала тұрғынын қуып жетіп, одан ақша талап еткен. Кейін ұрып-соғып, жәбірленушінің ұялы телефонымен әмиянын алып алған. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің арқасында 20 жастағы екі жігіт қолға түсті. Олар кінәларын мойындап отыр.

Үмітбек Фархадов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі

– Екеуі де бұрын сотталған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы, 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта ұрланған телефон мен құжаттар тәркіленді. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

Павлодарда бұзақылық жасаған жігіт ауруханаға жолданды

Павлодарда Лермонтов көшесінде орналасқан дүкендердің біріне келген азамат витринада тұрған ұялы телефондарды лақтырып, сындырып тастады. Оның бұл қылығы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сатушылар бірден полиция шақыртқан. 28 жастағы жігіттің диспансерде есепте тұрғаны анықталды. Оны емдеу курсынан өткізу үшін ауруханаға жатқызды.

 

Семейде бағана көлікке құлап кетті

Семейде қатты желден электр бағанасы құлап, көлікті басып қалды. Төтенше жағдай 35-ші квартал ауданында болған. Бетон бағана «Mazda» маркалы автокөлігін зақымдаған. Оқиға орнына бірден құтқарушылар жіберіліп, мамандар жарты сағаттың ішінде кранның көмегімен көлікті шығарып алды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

 

Қызылорда облысында заңсыз балық аулаған азамат ұсталды

Қызылода облысында заңсыз балық аулаған азамат ұсталды. Полицейлер «Браконьер» жедел алдын алу шарасы аясында «Шымкент – Самара» тасжолында күдік тудырған газельді тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктен жиырма екі қап балық тәркіленді. Жүргізуші Қармақшы аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты шара қолдану үшін құжаттары тиісті органдарға жіберілді.

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы