419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда 13 жасар қызды ит қапты

  • 168
  • UPD: 10:16, 26.11.2020
Павлодарда 13 жасар қызды ит қапты

Павлодар облысында 13 жастағы қызды ит қапқан, деп хабарлады Polisia.kz.

Оқиға Көшербаев көшесіндегі үйдің ауласында болған. Анасының айтуынша, қызы әпкесімен бірге сноуборд теуіп, дүкенге барған. Жеке үйлердің бірінің ауласынан ит босап шығып, қыздардың артынан қуып, біреуінің сол қолын тістеп алған.

13 жастағы қыз бала медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Бұл факт бойынша иттің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

«Жыл басынан бері Павлодар облысында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 423 азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Қағидаларға сәйкес жеке тұрғын үй-жайлардың иелері иттерді олардың шығып кетуін болдырмайтын жеке ауланың шекарасында ұстауы керек, ауланың кіреберісінде ит бар екендігі туралы ескерту тақтайшасы болуы тиіс. Сондай-ақ тәртіп сақшылары үй жануарларын аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі және мектеп аумақтарында, емдеу-профилактикалық және медициналық мекемелердің аумақтарында, скверлерде, стадиондарда және басқа да қоғамдық орындарда серуендетуге тыйым салынғанын ескертеді. Иттердің міндетті түрде тұмылдырық пен қарғыбауы болуы тиіс», – деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қайыржан Шәкәрғалиев.

Хабар 24 телеарнасы