419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда биікте ғимараттың төбесінде хоккей ойнаған балалар жұртты шошытты

  • 116
  • UPD: 15:11, 02.12.2020
Ақтауда биікте ғимараттың төбесінде хоккей ойнаған балалар жұртты шошытты

Ақтауда биік ғимараттың төбесінде хоккей ойнаған балалардың әрекеті жұртты шошытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға кеше кешкісін 15-шағынаудандағы құрылысы бітпеген нысандардың бірінде болған. Жергілікті тұрғындар жасөспірімдердің әрекетін бейнетаспаға түсіріп алған. Мұнда екі баланың ғимараттың төбесіндегі мұз үстінде хоккей ойнап жүргені анық көрінеді. Маңғыстауда бірнеше күннен бері қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болған еді. Құрылысы жүріп жатқан нысанның жоғары қабаты қоршалмаған. Аяғы тайып кетсе, биіктен құлап кетуі ықтимал. Полиция қызметкерлері көп кешікпей қауіпті ойын ойнаған балалардың кім екенін анықтады.

Әйгерім Ибадуллаева, облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы:

- WhatsApp желісіне, мессенджерге 15 шағын ауданда орналасқан аяқталмаған ғимаратта кәмелетке толмаған балалардың ойнап жүрген бейнежазбасы келді. Хабарлама келіп түскеннен кейін ювеналды полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Ақтау қаласының полиция басқармасы ювеналды полиция қызметкерлері 9 және 14 жастағы кәмелетке толмаған балаларды Ақтау қаласының жергілікті полиция қызметіне жеткізді. Ол жаққа балалардың ата-аналары шақырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Хабар 24 телеарнасы