Петропавл полицейлері Шымкентте отырып солтүстікқазақстандықтар атынан несие алған алаяқты ұстады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған байланысты құқық қорғау органына маусым мен қыркүйек аралығында 5 адам арызданған. Тергеушілер тобы Түркістан облысына арнайы барып, жедел-іздестіру барысында 31 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Күдіктінің айтуынша, ол зардап шеккендердің жеке мәліметін ғаламтордан алып, олардың атынан 500 мың теңгеге дейін несие рәсімдеген. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Жангелді Əпенов, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:
– Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 190 бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қарастырылуда. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.