418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде көпірдің жабындысы аязға шыдас бермей жарылып кетті

  • 130
  • UPD: 22:07, 28.12.2020

Шығыста соңғы екі тәулік бойы сары аяз сақылдап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таулы аудандарда түнде термометр бағаны 42 градусқа дейін жетті. Бүгін өңірде 4-сыныпқа дейінгі оқушылар сабаққа бара алмады. Тіпті Өскемендегі көпірдің асфальтты-бетонды жабындысы аязға шыдас бермей жарылып кетті. Нысанның техникалық ахуалын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Аяздың беті қайтқанша кейбір бағыттар бойынша түнде дизельді көліктердің жүруіне шектеу қойылды.

Шығыста сары аяз соңғы екі тәулікте қаһарына мінді. Аймақтағы солтүстік аудандарда аяздың күші түнде 42 градусқа дейін жетті. Сондықтан өңірдегі кейбір бағыттағы жолдарға дизельмен жүретін көліктерге шектеу қойылды. Бірақ кешелі-бері оған қарамай жолға шығып, далада қалып жатқан жолаушылар да бар. Көліктері сынып жолда қалған бір топ адам Өскемен-Алматы бағытынан құтқарылды.

Бауыржан Жүрекбаев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Аягөз қаласына 30 шақырым қалған кезде Газель маркалы көлік жолда сынып қалған. Сол себепті Аягөз қаласынан біздің құтқарушылар барып, 14 адамды Аягөз қаласына жеткізіп, спорт мектебіне эвакуация жасады. Халыққа ескертетініміз, алыс жолға шыққан жағдайда автокөліктерді жарықпен, жылы киімме, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен дұрыс.

Сақылдаған сары аяздың салдарынан кейбір нысандар да сыр беріп жатыр. Өскемендегі темір жол үстінен салынған көпірдің бетонды асфальт жабындысы жарлып кетті. Бұл көпірде көлік нөпірі өте көп. Инфроқұрылымдық нысан қаланың орталығы мен шеткі аудандарын байланыстырып жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

– Бұл көпір 1960 жылдардың басында салынған. Мамандардың айтуынша, содан бері конструкциясы бірде-бір рет жөнделмеген. Биыл жазда көпірдің үстіндегі асфальт жаңаланған. Соңғы екі үш күндегі қатты суыққа шыдас бермей, сол асфальт жарылған. Ал көпір 25 тонна салмаққа есептелген.

Көпірдегі жарғышақтан қауіптенген тұрғындар ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Осыдан соң қалалық тұрғын үй коммуналдық бөлімінің мамандары арнайы комиссия құрып, тәуелсіз сарапшылармен бірге көпірге тексеру жүргізді. Нәтижесінде техниалық сарапшы-мамандар көпірдің негізгі темір құрылымдары мен астыңғы тіреу бағандары аман екенін анықтады. Мамандар сәл жарғышақтан еш қауіп жоқ деп отыр.

Владимир Ярмоленко, техника ғылымдарының доценті:

– Бұл ауа райының қолайсыздығынан болған деформациялық жарғышақтар. Әзірше еш қауіп жоқ. Бірақ болашақта темір-тіреуіш конструкцияларын қайта тексеріп жөндеу керек. Бетонды-асфалть қатты аязға шыдас бермей жарылып кеткен.

Соққан боран мен аязда жолда қалған жолаушыларға көмек көресту үшін аймақта 15 жылыту бекеті құрылған. Ол жерде негізінен қар тазалайтын ауыр техника мен жанар-жағармай сақталады. Ал аймақта 6 мың шақырымға жуық автокөлік жолы бар.

Нұрбек Тұраров, облыстық автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы жергілікті атқарушы органдардың барлық қаражаттары 2020 жылға есептегенде жалпы көлемі 5 миллиардқа жетеді. Соның ішінде 1,5 миллиарды осы қыс мезгіліне қарастырылған.

Қарастырылған қаржы жолды, қардан тазалап, құм сеуіп күтіп-баптауға жетеді. Есесіне Өскемендегі қоғамдық көліктер алғашқы аязда-ақ сыр беріп жатыр. Әсіресе жаңадан бой көтерген шеткі шағын аудан тұрғындары сары аязда сағаттап автобус күтуге мәжбүр. Дегенмен Қазгидромет мамандары алдағы бір-екі тәулікте аяздың беті қайтатынын мәлімдеді. Бірақ алда әлі қаһарлы қаңтар, ақ бораны бар ақпан тұр.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы