418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысындағы шахтада мерт болған төрт адамның мәйіті сыртқа шығарылды

  • 186
  • UPD: 15:25, 31.12.2020

Ақтөбе облысындағы кен шахтасында болған оқыс оқиғада мерт болған 4 азаматтың мәйіті шығарылды.

Полицейлер мен құтқарушылар шахтаға жер астында жүргізілген желдету жұмыстарынан кейін ғана түсе алған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, қаза тапқандар бір жарым шақырым тереңдіктен табылды. Алдын ала болжам бойынша жұмысшылар белгісіз бір газдан уланған болуы мүмкін. Марқұмдардың қаза болу себебін құзырлы орган өкілдері анықтайтын болады. Қазір полицейлер бұл дерекке қатысты қылмыстық кодекстің 156, «еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғап, тергеуге кірісіп кетті.

Естеріңізге сала кетсек, кеше кешкілік Хромтау ауданында орналасқан «Весенняя Аралчинская» шахтасындағы төтенше оқиғадан 4 жұмысшы көз жұмған болатын. Сол жерде болған тағы бір азамат дәрігерлердің бақылауынан кейін үйіне қайтарылды. 

Қайрат Қасым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Бір жарым шақырым тереңдікте жарылыс жұмыстары жүргізілген. Қаза тапқан азаматтар да сол жерден табылды. Денелерінде механикалық жарақаттың ізі байқалмайды. Күйік шалып немесе топырақ астында көміліп қалмаған. Барлығы да Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшылары. Бірі тау ісі шебері болса, екеуі жарылысшы, тағы біреуі жүргізуші боп еңбек еткен.

Ақтөбе облысындағы шахтада жарылыс жұмысы кезінде төрт адам қаза тапты

Хабар 24 телеарнасы