Сайрамда темірге басы қыстырылып қалған бала құтқарылды

Түркістан облысының Сайрам ауданында полицейлер темір қоршауға басы қыстырылып қалған 4 жасар балақайды құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам аудандық ПБ патрульдік полиция қызметкерлері Манкент ауылында көшені кезекті патрульдеу кезінде, түскі уақытта күтпеген жайтқа кез болады. Тасжол бойында орналасқан жабық тұрған құрылыс заттары дүкенінің қоршауында қыстырылып тұрған 4 жасар баланы байқайды. Инспекторлар Нұрболат Тілеубергенов, Еркін Әлметов, Ғалым Дәукеновтер дереу кері бұрылады. Темір тор қоршаудан өтемін деп, басы сыймай қыстырылып қалған баланы тез арада босатып алады.

Балақайдың анасы дүкенге барып келемін деп, үйінен шығып кеткен. Оның ізін суытпай баласы артынан жүгіріп шыққан. Құрылыс заттарын сататын дүкен аумағына кірмек болғанда қоршауға сыймай, басы қыстырылып қалған. Сол мезетте осы маңнан өтіп бара жатқан полицейлер оны тез арада шығарып, үйіне апарады. Баланың ата-анасына алдағы уақытта балаға сақ болу керектігі есткертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарды баларына сақ болуға және денсаулығының жай-күйін бақылауда ұстап жүруге кеңес береді.