ШҚО-да құтқарушылар апатқа ұшыраған көліктен жүргізуші мен баланы шығарып алды

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жол-көлік апатынан зардап шеккендерге көмектесті.

Бұл турады ШҚО ТЖД хабарлайды.

ШҚО ТЖД-ға 3 қаңтарда Өскемен – Белоусовка тасжолында жол-көлік оқиғасы туралы хабар түскен. Екі «ВАЗ» және «Киа» автокөліктерінің соқтығысуы салдарынан адамдар жарақат алған. Көлік апатынан зардап шеккен екі адам, жүргізуші мен 12 жастағы қыз бала ВАЗ көлігінен өздігінен шыға алмай қалған.

«Оқиға орнына жеткен Белоусовка ауылының құтқарушылары көліктің алдыңғы жақта орналасқан орындығын жылжытқан. Осы уақытта оқиға орнына қосымша жедел құтқару отрядының мамандары келіп, қыз баланы көлік ішінен шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Одан кейін көлік жүргізушісін шығаруға кіріскен. Арнайы құрылғының көмегімен көлік есігін ашып, орындықты қозғалтып, зардап шеккен жүргізушіні сыртқа шығарған», - делінген ШҚО ТЖД баспасөз хабарламасында.