Көлік жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады

Қызылордада көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші қайтадан көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасады, деп хабарлады Polisia.kz.

3 қаңтар күні сағат 20:00-де облыс орталығында екі автокөлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға салдарынан адамдар зардап шеккен жоқ. Алайда тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлікті мас күйде басқарғаны белгілі болды.

Бұған қоса, оның 2019 жылдың 12 ақпанында сот шешімімен үш жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Аталған азамат бұған қарамастан мас күйінде қайтадан көлік тізгіндеген.

Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны болып табылатын жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.