Елордада полицейлер өртеніп жатқан үйден әйел мен үш баланы алып шықты

Елордалық полицейлер жанып жатқан үйден әйел мен оның 15, 9 және 13 жастағы үш баласын құтқарды, деп хабарлады ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін таңертең сағат 5:40-та патрульдік полиция полкінің қызметкерлері торуылдау барысында Өзен көшесіндегі жеке сектордан түтін шығып жатқанын байқаған. Түтін үйдің шатырынан шығып жатқан. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары аға лейтенанттар Ерлан Қатаев пен Асан Балтабаев дереу барып, есікті бұзып ішке кірді.

Өрт пештен шыққан. Түтін бөлмелерге таралып үлгерген екен. Қараңғыда олар ұйықтап жатқан қызды тауып алған, ал келесі бөлмеде екі ер бала ұйықтап жатқан. Полиция балаларды оятқан. Бөлмеден шыққан шуды естіп, анасы жүгіріп келген. Үйдің өртеніп жатқанынан ол бейхабар екен.

Полиция қызметкерлері әйел мен үш баланы көшеге шығарып, қызметтік көліктеріне жайғастырды. Ал өздері өртті өшіруге кеткен. Тәртіп сақшылары өз күштерімен, қолда бар құралдармен өртті сөндірді.

Кейін Ерлан Катаев болған оқиға туралы «Барлығы өте жылдам болып кетті. Біз үшін ең бастысы әйел мен оның балаларын құтқару болды. Ешкім зардап шеккен жоқ»,- деді. Эвакуация аяқталғаннан кейін оқиға орнына жедел қызметтері келді. Отағасы полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғысын жеткізді.