Қарағанды облысында мереке күндері 1400 адам түрлі деңгейде жарақат алған

Қарағанды облысында кейінгі бес күнде 8 адам көз жұмған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның біреуі өндірістік жарақат алса, біреуін үсік шалған. Тағы бір азаматқа иіс тиген. 5 адам көлік апатынан опат болды. Бұдан бөлек, 1400-ге жуық адам түрлі деңгейде жарақат алды. Олардың 13-і аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Жарақат алғандардың арасында пиротехникалық заттардың жарылуы салдарынан жасөспірімдердің күйіп қалған жағдайлары да кездеседі. Аязда беті-қолы домбығып, үсік шалғандар да көп.

Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

- 23 адамды үсік шалған. Оның 13-і I, II дәрежелі. Қалған 10-ын III, IV деңгейде үсік шалған. Кейбірінің үсіп кеткен жерін ампутациялауға тура келді. Себебі бұл өте ауыр жарақат болып есептеледі. Үсік шалғандар арасында алкогольді ішімдік ішкендер көп. Ал, сау адамдар арасында құлақ және мұрыны үсіп кеткен жағдайлар бар.