Ақтауда полицейдің басы дауға қалды

Ақтауда тәртіп сақшысының басы дауға ілікті. Ол көлікпен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолағымен өтпек болған тұрғындарға жол бермеген. Бұл сәт бейнежазбаға жазылып, әлеуметтік желіге тарап, енді қоғам назарына ілікті. Маңғыстау облысы ПД осы жағдай бойынша бірден мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, полиция қызметкеріне 30 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Қостанайдағы Аққошқар ауылында малшы жоғалып кетті. Ақ түтек боранға қарамастан, шаруа қорадағы малын жайылымға шығарған. Алайда үйіне оралмаған соң туған-туыстары алаңдап, құтқарушыларды көмекке шақырған. Іздеу операциясы бірнеше сағатқа созылды. Боран мен қар мамандардың жұмысына біршама қиындық келтірген көрінеді. Дегенмен, барлығы сәтті аяқталды. Малшы ауылдан 95 шақырым жерден табылды. Кейіннен белгілі болғандай, оның қарда жүретін техникасы сынып қалып, үйіне жете алмай қалған екен.

Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласында жеңіл автокөлік отқа оранды. Куәгерлердің айтуынша, көлік аулада тұрған жерінде тұтанып, түтіндей бастаған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетті. Олардың айтуынша, темір тұлпардың өртенуіне электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында заңсыз аң аулаған адам ұсталды. Күдікті барлық сала мамандары бірлесе жүргізген жедел алдын алу шарасы кезінде қолға түскен. Олар Мойынқұм ауылынан 90 шақырым жерде «УРАЛ» мотоциклін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктен жабайы қабанның тұтас еті мен тегіс ұңғылы қару табылды. Бұлтартпас айғақтармен ұсталған 26 жастағы мотоцикл жүргізушісі барлық кінәсін мойындады.

Ақтөбеде ішінде көлік тұрған гараж өртенді. Өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігінің арқасында ғана бұл өрт алапат жалынға ұласқан жоқ дейді куәгерлер. Өйткені құтқарушылар өрт шыққан жерден 3 бірдей газ баллонын алып шыққан. Осылайша үлкен апаттың бетін қайтарып үлгірген. Әзірге өрттің шығу себебі анықталып жатыр.