Оралда вагоннан құлаған жұмысшы мерт болды

Оралда вагоннан құлаған жұмысшы мерт болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, оқиға бүгін «Талап» АҚ құрылыс-өндірістік базасында болды.

Осында жұмысшы болып істеген 1969 жылғы ер адам биіктігі 4,5 метр вагоннан құлап кетіп, басынан жарақат алды.

Жедел жәрдем сағат 10:40-та шақырылды. Марқұм жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Бұл – соңғы екі күнде өндіріс орнында болған екінші жағдай.

Кеше кешкісін Теректі ауданы Подстепный ауылында «Мыңжасаров» ЖК-ның сабын цехында 1975 жылғы жұмысшы мас күйінде станокқа түсіп қалған. Оң жақ қолы білезігінен қиылып кеткен, сол жақ иығы, омыртқа-қабырғалары сынған. Қазіргі кезде ер адам қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.