Талдықорғанда көп қабатты үйде газ жарылып, бір адам қаза тапты

Талдықорғанның «Жетісу» шағын ауданындағы көп қабатты пәтерде жарылыс болды. Салдарынан 1954 жылғы ер адам қаза тапты. Тағы екі тұрғынды қалалық ТЖБ мамандары автосатымен төртінші қабаттан түсіріп алды. 30 адам қауіпсіз жерге шығарылды. 

Жалындаған отты сөндіруге ТЖД қызметкерлері, полиция және өзге де құрылымдардан 50-ден аса маман мен 16 техника жұмылдырылды.

Бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесінде өрттің шатырға және өзге пәтерге таралуына жол берілмеді. Алдын ала болжам бойынша қайғылы оқиғаға 25 литрлік баллонның жарылып, газдың бөлмеге таралуы себеп болған.

Айта кетейік, бұл күн суытқалы облыс орталығында болған екінші оқиға. Қараша айында Еркін ықшам ауданындағы жер үйлердің бірінде газ баллон жарылған еді.

Авторы: Шыңғыс Қалиден