Адам басып мерт қылған жүк көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен

Ақтөбе облысында «Mercedes» жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлады Polisia.kz.

2021 жылғы 10 қаңтарда Самара – Шымкент тасжолының 773 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері белгісіз жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткенін анықтады. Жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмып, ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.

Сонымен қатар қайғылы кеште қалың тұман мен көктайғақ болған. Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Қабылданған іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жаяу жүргіншіні қағып кеткен күдіктіні ұстады.

Тергеу барысында 47 жастағы «Mercedes» жүк көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласына қарай бет алып, Мұғалжар ауданының тұрғынын қағып кеткенін, кейін жауапкершіліктен қорқып оқиға орнынан қашып кеткенін анықтады.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.