Павлодарда жедел жәрдем мен автокөлік соқтығысты

Павлодарда жедел жәрдем мен автокөлік соқтығысып, үш адам зардап шекті.

Олар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 12 қаңтарда сағат 11:00-де Яков Геринг – Елгин көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі мен «Ниссан Патрол» автокөлігі соқтығысқан.

57 жастағы жедел жәрдем жүргізушісі дыбыстық және жарық сигналдарын қосып, жол қиылысында бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққан. Бірақ жасыл жарыққа шыққан жол талғамайтын көлік оған жол бермеген.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Фольксваген Транспортер» (жедел жәрдем) автокөлігінің үш жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Жол апаты фактісі бойынша тексеру жүргізіледі.