Қырғызстандағы тау шаңғысы базасында қаза болған қазақстандыққа қатысты жаңа деректер шықты

Қырғызстандағы тау шаңғысы базасында қаза болған қазақстандыққа қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қаза тапқан қазақстандықтың Нұр-Сұлтаннан келгені белгілі болды. Бұл туралы Ыстықкөл облысының ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі өкілдері айтты.

Мұның алдында қайтыс болған жасөспірімнің 12 жаста екені хабарланған еді, алайда бүгін полиция жасөспірімнің 13 жаста екенін айтты. 31 қаңтарда ол 14 жасқа толатын еді.

«Жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында осы жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан қаласының 35 жастағы тұрғыны өзінің 13 жастағы кәмелетке толмаған ұлымен немере ағасына Шу облысының Тоқмақ қаласына қонаққа келгені анықталды. 10 қаңтарда немере ағасы отбасымен және жиенімен Қаракөл қаласына келген, онда олар қонақүйлердің бірінде тұрып, «Қаракөл» тау шаңғысы базасына демалуға кеткен», – деді баспасөз қызметіндегілер.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірім бұрылыста 2700 метр биіктегі шыршаға барып соғылған.

«12 қаңтарда сағат 13.00-де тау шаңғысы базасында демалу кезінде кәмелетке толмаған бала 3040 метр биікке көтерілді, онда ол батыс трассамен төмен түсті. Шамамен 2700 метр биікте батыстан шығысқа қарай бұрылған кезде ол жылдамдықты басқара алмай, шыршаға барып соғылған. Нәтижесінде  алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Марқұмды сырттай тексеру барысында сот-медициналық сарапшы кәмелетке толмаған баланың аяғы мен мойынының сынғанын анықтады. Жасөспірімнің өлімінің барлық мән-жайын толық анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды және тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Ыстықкөл облысының Ішкі істер басқармасының өкілдері.

Еске салайық, мұның алдында Қырғызстандағы тау шаңғысы курорттарының бірінде 12 жастағы қазақстандықтың қайтыс болғаны хабарланған еді. Кейін Қазақстанның СІМ өкілдері осы жағдайға пікір білдірген болатын. Ведомство мәліметінше, бала техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамаған.