Қостанайда тұрғынның банк картасынан 50 млн теңге ұрланды

Қостанайлық тұрғынның банк картасынан 50 миллион теңге ұрланған. Қылмыскерлер жәбірленушіні интернет сайттағы жарнама арқылы тауыпты.

Ол сонда көлік тіркемесін саудаға қойған. Әккі тұтынушылар алдын ала төлем жасау үшін ер кісімен хабарласып, оның банк картасы жайлы барлық мәліметтерді, тіпті СМС хабарламамен келетін құпия кодты біліп алған. Осылайша алаяқтар интернет-банкингке қосылған телефон номерін өздігінен ауыстырып, оңай олжаға кенелген. Полицейлер қылмыскерлерді іздестіріп жатыр. Әзірге олардың Ресейде тұратыны ғана белгілі. Жалпы облыс бойынша интернет алаяқтық 2019 жылға қарағанда 150 дерекке артқан дейді тәртіп сақшылары. Былтыр онлайн-саудаға қатысты 798 қылмыстық іс қозғалды.         

Олжас Мағыпаров, ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Өткен жыл соңында 50 адамды алдаған алаяқты қолға түсірдік. Ол инстаграм желісінде аяқ киім дүкені парақшасын ашып, тауарларға 80 процент жеңілдік ұсынылады деп көпшілікті қызықтырған. Ал шын мәнінде ешқандай аяқ киім болмаған. Ер адам интернет-дүкендердегі тауарлардың фотоларын жариялаған.