Қарағанды облысында браконьерлер күйектен әлсіреген киіктерді қырып жатыр

Санаулы күн ішінде 4 бірдей оқиға тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңарқа ауданының маңында тәртіп сақшылары шанамен жүрген азаматты тоқтатқанда, ол атып алған екі ақбөкеннің еті мен аңшы мылтығын лақтырып жіберіп, ізін суытпақ болды. Бірақ ұзаққа бармады. Тінту кезінде 38 жастағы жігіттен 16 мүйіз тәркіленді. Бұған қоса Нұра және Қарқаралы аудандарының аумағында да 19 ақбөкеннің өлексесі табылған. Оқ іздері жоқ, бірақ кейбірінің мүйіздерін кесіп алыпты. Осыған орай, қазір полиция қызметкерлері қорықшылармен бірлесіп бақылау шараларын күшейтті.

Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Облыстың 35 жасар тұрғыны ұсталды. Ол азамат жол жиегінде жатқан ақбөкенді өзінің ВАЗ автокөлігімен соғып алған. Кейін оның мүйізін және терісін сыпырып алған. Бұл да қылмыстық жауапкершілік болып саналады. Бұл баптардың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейін, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.